Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының «Жас орда» студенттік бірлестігінің белсенділері су тасқынынан эвакуацияланған оқушыларға арнап «Балалық шақ мерекесі» бағдарламасын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында студенттер бүлдіршіндер үшін түрлі аниматорлық костюмдермен өнер көрсетіп, бірлесе үй тапсырмасын орындауда әдістемелік көмекпен сүйемелдеді.
Еске сала кетсек, Арқалық қаласына қарасты Қызылжұлдыз және Екідің ауылдарының мектеп оқушылары тасқын судың әсерінен қаладағы №5 жалпы білім беретін мектепте білім алуды жалғастыруда. Бұл оқушылардың біраз бөлігі ата-аналарымен бірге қаланың Ш.Жәнібек №73 мекен-жайындағы Арқалық политехникалық колледжінің жатаханасына орналасқан. Мектепке арнаулы автобуспен қатынайды.
Алдағы уақытта су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға институт психологтары да көмектерін көрсетпекші.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы