Құрметті жерлестер!
Бүгінгі таңда су тасқынының беті қайтты деп айтуға толық негіз бар. Негізгі су қоймаларында су ағынының төмендеуі байқалады. Жалпы, облыс бойынша жағдай біртіндеп тұрақтанып келеді.
Осы қиын күндерде біз күшіміз бірлікте екеніне тағы да көз жеткіздік.
Ендігі міндет – Табиғи апаттың салдарын жойып, еліміз бен жерімізді көркейту.
8 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалау бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы бұл жұмысқа тұрғындар мен еріктілерді үнемі тартудың маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан 5 аптаға созылады, олардың әрбірінің өз тақырыбы мен нақты мақсаты болады.
Қостанай облысы да акцияға қосылуда. Бүгіннен бастап, біздің өңірде де «Таза Қазақстан» науқаны қолға алынатын болады. Бұл шара аймағымызды тазалаумен ғана шектелмей, тарихи жәдігерлерімізді қайта қалпына келтіріп, құнттауымызға себепші болмақ.
Менің тапсырмам бойынша аудандар мен қалалардың әкімдіктері алдағы акцияға белсенді қатысатын болады.
Табиғи апат, зілзаладан кейін елдің еңсесін тіктеп, қалыпты өміріне қайта келуі үшін, қазақ халқы ежелден «асар» ұйымдастырған. Бүгінгі күні ескі дәстүрімізді жаңғыртып, елімізді көркейтуге күш біріктірер кез келді.
Сүйікті мекенімізді таза әрі жайлы етуге ұмтылу – әрбір тұрғынның борышы.
Құмар Ақсақалов,
Қостанай облысының әкімі