Қостанай облысының оңтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары үйлеріне оралуда.
Жанкелдин ауданындағы үш ауылдың (Тәуіш, Көлқамыс, Аралбай) тұрғындары эвакуациялау пункттерінен тікұшақпен үйлеріне жеткізілді.
Тентексай ауылының тағы төрт отбасы қазір Жаркөл ауылында. Жергілікті билік оларға баспана беріп, барлық қажетті заттармен қамтамасыз еткен.
Торғай ауылындағы эвакуациялық пункттердегі барлығы 600-ден астам адам ауылдарына оралып, эвакуациялық орталықтар жабылды.
Жергілікті билік аталған ауыл тұрғындарына тікұшақпен азық-түлік, киім-кешек сияқты қажетті заттарды жеткізіп берді. Бұл көмек көлік қатынасы қалпына келгенше ауылдарға тұрақты түрде жеткізілетін болады.
Сондай-ақ, облыста залалды бағалау комиссиясы жұмыс істейді. Жангелді ауданы бойынша бүгінгі күні келтірілген зиянды өтеу туралы 58 өтініш келіп түскен.
Бұған қоса, 50 АЕК көлемінде әлеуметтік өтемақы төленді. 8 сәуірдегі жағдай бойынша 32 зардап шегушіге 5,9 млн теңге әлеуметтік көмек берілді.
Комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
Жалпы, өңірдегі жағдай тұрақты.