Меркі ауданынан гуманитарлық көмек келді

Меркі ауданынан гуманитарлық көмек келді

Бүгін Жамбыл облысы Меркі ауданынан Қостанай қаласына азық-түлік, дәрі-дәрмек, аяқ киім және басқа да заттар тиелген жүк көлігі келді. Қабылдау пункті «Затоболец» стадионының аумағында орналасқан.

– Қажетті заттарды Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғындары жинап берді. Біз 25 тонна гуманитарлық көмек әкелдік. Еріктілер мен жергілікті билік өкілдері жүк түсіруге көмектесті. Келген заттардың барлығы су тасқынынан зардап шеккендерге жіберіледі. Осындай қиын-қыстау кезде біз бірігіп, табиғи апаттан аман өтуіміз керек. Меркі ауданының тұрғындары, елімізді қиындықпен жалғыз қалдыра алмадық, — дейді Меркі аудандық мәслихатының депутаты Ерлан Қалысбаев.

Барлық көмек эвакуациялық орталықтарға және үйлерін су басқандарға жіберілетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуірден бастап Қостанай облысында жергілікті төтенше жағдай енгізілді. Бүгінгі таңда ауданда барлығы 4136 адам эвакуацияланды, оның 475-і балалар. 222 адам эвакуациялау пункттеріне орналастырылды. Облыста барлығы 9 эвакуациялау пункті құрылған. Адамдар баспанамен, тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, су тасқынынан келген зардапты жою үшін комиссия құрылды. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі.

 

Б. НҰРМҰХАНОВ

Жаңалықтармен бөлісу