Арқалықта су кірген үйлердің шығындарын бағалау жұмыстары жалғасып жатыр 

Арқалықта су кірген үйлердің шығындарын бағалау жұмыстары жалғасып жатыр 

Арқалық қаласы әкімдігінің есебі бойынша 3 сәуірге текті көктемгі су тасқынынан қауіп төнген ауылдардан барлығы 301 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Эвакопункттарға 124 адам орналастырылды. Әзірге эвакуациялау бойынша шағым түскен жоқ.

Қалаға қарасты ауылдар мен іргелес кенттерден ұзын саны 201 үйге су кірген. Үш үй құлаған. Қала әкімдігінің диспетчерлік қызметіне кенттерден қоңыраулар әлі де келіп түсуде. Атап айтқанда: Северный – 5, Новый – 8, Западный – 2, Дачный – 2, Сельстрой – 3. Судың алдын бөгеу бойынша 9 мекенжайға 45 текше метр құм төселді.

Қызылжұлдыз және Екідің ауылдарынан эвакуацияланған 124 адамға көмектер көрсетіліп жатыр. Ел азаматтары Астана қаласынан жіберген азық – түлік, киім-кешек, төсек – орын, шаруашылық заттары тиелген 2 газель жүк көлігі келіп жетті. Мұнымен қоса аталған тұрғындар түскі және кешкі ыстық аспен қамтылған. Тамақ қалалық әкімдіктің асханасынан беріліп жатыр.

Қала тұрғындары арнайы орталыққа киімдер, ыдыстар мен шағын тұрмыстық техникалар жеткізді. Жеке азаматтар тасқын судан зиян көрген тұрғындардың каспи шоттарына 500 мың теңгеге жуық қаражат аударды. Мекемелер мен ұжымдар 1 тоннадан астам азық – түлік және киімдер табыс етті.

Жол қатынасы уақытша тоқтаған елді мекендерге тікұшақ арқылы азық – түліктер, 100 литр бензин, 100 литр жанар – жағар май мен дәрі – дәрмектер жіберілді.

«Аманат» партиясынан 3 тонна картоп, 3 тонна ұн, «Республика» партиясынан 500 келі азық – түлік жеткізіліп, ерікті жастар 105 мекен – жай бойынша гуманитарлық көмек таратты.

Қар суынан зардап шеккен тұрғындардың малдарына көршілес аудандардан көмекке 64 тонна шөп пен 200 тонна жем жеткізіліп, тұрғындарға таратылуда.

Қазіргі уақытта арнайы комиссия тасқын судан зардап шеккен үйлерді аралап, шығын мөлшерін қарап, акт жасауда. Бұл жұмыстар 143 үй бойынша жүргізілді. Бүгінгі күні бағалаушы компанияның өкілдері келіп, жұмыстарын бастап кетті.

Әлеуметтік сала өкілдерінен жасақталған комиссия су тасқынынан зардап шеккен 265 отбасыны анықтады. Қазіргі уақытта құжат тапсырған 191 отбасыға 50 (АЕК) көлемінде (184 600 теңгеден) 35 млн 258 мың теңге бір реттік төлем жасалды. Құжат қабылдау жалғасып жатыр.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу