Сәуірдің бірінші жұлдызында дәулескер домбырашы, дарынды дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметовтің туған күні. Осы күнге орай Жастар сарайында «Наз-ғұмыр» атты еске алу кеші ұйымдастырылып, ол кісіні білетін дос-жаран, шәкірттері бас қосты.
Кешті Астанадан арнайы келген Наз-ағаның өмірдегі де, өнердегі де досы, белгілі күйші Сәрсенғали Жүзбаев жүргізіп отырды.
Кеш барысында Назымбек ағаның еңбектері, шығармашылығы мен Тобыл-Торғай өңірінің мәдениетіне қосқан үлестері туралы естеліктер мен өмір жолы жайында жылы сөздер айтылды. Бір қызығы Назымбек Молдахметов білгілі күйші-композитор, бір туар тұлға Нұрғиса Тілендиевпен бір күнде өмірге келген. Бұл сәйкестік оның өмір жолына да әсерін бергендей. Нұрғисадай тұлғаның жолын қуып, ұстаз тұтқан.
Назымбек Молдахметов аз ғана ғұмырында көп іс тындыра білді. Сонау консерваторияда жүрген жерінен аттай қалап, туған жеріне келуіне бірден бір себепкер болған ҚР Мәдениет қайраткері, сол тұстағы мәдениет басқармасының басшысы, өнердегі анасына айналған Римма Ғабдолқызы болатын. Римма Ғабдолқызы алғашқы кездесу, «Ақ желең» ансамбльінің құрылуы жайында жылы естеліктер айтып, бөлісті.
Өнердегі жолы осылайша басталған Назымбек Молдабекұлы үлкен істердің басынан көріне білді. «Түркі әлемі» этно-фестивалі, «Дирижерлер форумы», Сағын Жалмышов атындағы тұңғыш республикалық домбырашылар конкурсы – Назекең жүзеге асырған асырған беделді жобалар. Бұның бәрі Тобыл-Торғайдың мәдениеттегі абыройын асырды. Ол 2000-жылдан бастап «Ақ желеңнің» көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Оның алғыр да ұшқыр, іскер, тез шешім қабылдайтын қасиеті бірден көрінді. Еңбегі еленіп, 2001 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Кейін ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне» ұласты. Бүгінде өзі басқарған Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония ол қолға алған жобаларды жалғастырып келеді. Қостанайдың қазақ ұлт аспаптары оркестріне есімі берілгені де баршаға аян.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов та көзін көрмесе де есіміне қанық азаматтың бастамаларына тоқталды. Ақын Серікбай Оспанұлы, Әсия Беркенова да жыр жолдарын арнады.
Кеш аясында Назымбек Молдабекұлы жайлы жаңа әннің тұсаукесері болды. Әннің сөзін ақын Абылай Мауданов жазған. Композитор ағамыз, мәдениет қайраткері Бақытжан Сәуекенов өзінің сүйікті інісіне арнап шығарған әнді баянмен орындап, жаңа туындыны жүректерге жеткізді.
Кеште Назымбек Молдахметовтің шәкірттері М.Нұрғалиев, Ы.Есжанов, Қ.Қиысхан, М.Хамитов және өнердегі досы М.Кәдіров те өнер көрсетті.
Бұл күні ақын-жазушы, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Серікпай Оспанұлының да туған күні екені ескеріліп, мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов ақынды осынау атаулы күнмен құттықтап, гүл шоғын табыстады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА