Торғайдағы тасқын бой берер емес

Торғайдағы тасқын бой берер емес

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Арқалық аумағында халықты қарайған шығынға ұшыратып кеткен қарғын судың беті қайта бастаған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып жатыр. Аманкелді ауданында да тасқын-сел анағұрлым саябырсып, тұрғындар түгелдей құтқарылғаны жайында хабар беріліп отыр. Енді ағыны қатты қызыл су Жанкелдин ауданының елді мекендеріне ауыз салып жатыр.

Сол өңірдегі меншікті тілшіміз жіберген ақпарат бойынша, ахуал күн сайын күрделіленіп барады, қарғын судың қарқыны қатты.

«Бүгінде Қалам-Қарасу, Сужарған, Тәуіш, Аралбай, Көкалат, Шұбалаң, Саға ауылдарына қауіп төніп тұр. Көлқамыс және Тентексай ауылы толығымен су ортасында қалды. Арқалық қаласына өз еріктерімен қоныс аударып жатқан тұрғындар көп. Көкалат, Аралбай, Тентексай, Көлқамыс ауылдарының халқы аудан орталығындағы интернат пен колледж ғимаратына орналастырылды. Сужарған ауылының халқы да жүктерін жинастырып, қауіпсіз жерге біртіндеп кетіп жатыр. Жалпы, су басқан елді мекендерді ер адамдар ғана қалды. Әзірге мал шығыны жоқ», – деп хабарлады Байбатыр Ахметбеков.

 

Аудан орталығындағы ер адамдар, мекеме-ұйым, кәсіпорын қызметкерлері топ-топқа бөлініп, әр ауылға көмекке шыққан. Тасқынға тосқауыл қою, алдын алу, елді дүние-мүлкімен бірге көшіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

«Апатты аймақта облыстық ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың 1000-нан астам адамы, еріктілер, полиция қызметкерлері, Қызылорда, Қарағанды облыстарының ТЖД әскери және қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Қостанай облысында республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар 15 тас жол бұзылған», – деген мәлімет берді облыстық ТЖД мамандары.

Жаңалықтармен бөлісу