Жанкелдин ауданындағы су тасқынына байланысты соңғы мәліметтер бойынша, өңірде құтқару көмегін кешеден күтіп отырған елуден астам адам бар.
Әлеуметтік желілерде тұрғындар таратқан ақпараттарға сүйенер болсақ, қарғын су құрсауында қалған Көкалат ауылына қарасты Телқара қонысында алты адам көмектің келгенін кешелі бері тосып отыр. Басқа да қыстақ-мекендерде қырықтан астам адам құтқару күші жеткенше азық-түліксіз, жылусыз көлік тіркемесінің үстін паналай тұруға мәжбүр. Ал аудан әкімдігінің өкілдері аталған елді мекендерге түскі сағат 12-лер шамасында тікұшақтар жіберілетінін айтқан-ды. Сондай-ақ қауіптің бетін қайтару үшін бір мезгілде әртүрлі ауылдарда су ағысымен күрес жүргізіліп жатқанын мәлімдеп отыр. Жол жырылып, қатынас тоқтаған елді мекендер бар.
“Шилі мен Ақшығанақ тас жолының бұзылып, қатынастың тоқтағанына бірнеше күн болды. Бастысы, ол жақтардың жолы ғана бұзылғанымен, тасқын судан әзірге қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі басты қиындық – су бетінің Торғайға қарай келе жатқаны. Қазір тәуіштіктерді құтқарып жатырмыз. Адам және техника күшін жіберіп, ағынмен күрес жүргізіп, тұрғындарды көшіру үстіндеміз. Жол бойындағы басқа да ауылдарды тосын қатерден қөорғау міндеті тұр”, – делінеді аудан әкімдігінің өкілдері жіберген хабарламада.
https://www.youtube.com/watch?v=VNUWZrT9eR8
Ақпарат бойынша, Жаркөл ауылдық округіне қарасты Сарысу ауылының тұрғындарына да көшу туралы шұғыр хабарлама беріліп, халқы таңға дейін қауіпсіз жерге шығып үлгеріпті. Әкімдіктегілер қазір бұл ауылдың да бос қалғанын айтып отыр. Қызбелдіктер де өзен ернеуінен асқан суды ауыл ішіне кіргізбеу қамымен күн-түн демей арналысып жатыр.