Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына байланысты Арқалықта жедел штаб құрды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына байланысты Арқалықта жедел штаб құрды

Облыстың оңтүстік өңірлерінде жарияланған төтенше жағдайларды тікелей өз бақылауына алды.Облыс әкімі екі күн бойы тасқынға қатысты іс-қимылдардың басы-қасында болып, үйлерін су басқан тұрғындардың да жағдайларын өз көзімен көрді

Жедел штабта Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы су тасқыны облыс әкімінің басшылығымен сәт сайын бақыланып отыр. Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов су тасқыны басталғалы бері мобильді топтардың күні-түні тынымсыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

25 наурыздан бастап Арқалық қаласына қарасты «Екідің», «Әбдіғаппар хан» ауылдарымен байланыстыратын көтерме жолдың суағар құбырлары қар суын өткізіп үлгере алмағандықтан қатынас уақытша үзілді. 258 тұрғын бар Екідің ауылындағы 49 үйдің 23 -не су кіріп, 10 үй бүлінді. Қауіпті жағдайда қалған 2 қыстаудың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды.

Екідің ауылынан эвакуацияланған 21 адам көршілес Ұлытау облысы, Жезқазған қаласына жеткізілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен олардыАрқалық қаласына жеткізуге арнайы вагон бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.

27 наурыз күні Жалғызтал ауылынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан «Оразалы»  шаруа қожалығынан бір азамат құтқарылып, қалаға жеткізілді. «Сарбас», «Бақытбек», «Таңсұлтан», «Болат К» қыстақтарынан – 15 адам, Қызылжұлдыз –  Қайыңды ауылдарынан 128  адам, Екідің ауылынан – 17 адам, «Жұман» қыстағынан – 21 адам, «Қазбек», «Салман», «Маллыоба», «Қоға» қыстақтарынан –12 адам, барлығы 194 адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта «Сауқынбай», «Тоққожа», «Қылышбай», «Бейсен» қыстауларынан жалпы 17 адамды қауіпсіз жерге шығару шаралары өткізілуде. Техника бара алмайтын елді мекендердің тұрғындарын эвакуациялауға тікұшақтар жұмылдырылған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов төтенше жағдайдан зардап шеккен бірде бір тұрғынның өз мәселесімен жеке қалмауы қажеттігін, қазір тиісті аймақтарда адам күші жетпей жатқандығын, сол себепті жұмылдыру шараларына студент-жастар еріктілерін тарту керектігін қадап тапсырды.

28 наурызға текті Арқалық қаласы әкімдігінің жедел желілеріне қаланың «Северный», «Новый», «Западный», «Дачный», «Дорожник -1» кенттерінен және «Родина» ауылы тұрғындарынан167 өтініш түскен. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жалғасуда.

Қала бойынша жастар мен ұжымдар және қоғамдық ұйымдардан  құралған еріктілер көмекке мұқтаж адамдардың үйлерінебарып, су сору, арық қазу сынды жұмыстарға атсалысып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру, жатын жаймен, киім – кешекпен қамту  сынды жұмыстарға қолғабыс жасауда.

Су тасқынынан құтқарылған тұрғындармен кездесу өткізіліп, олардың қойған сұрақтарына жауап берілді. Үй-жайы, дүние – мүлкі, малы, техникасы жаппай су астында қалған «Қызылжұлдыз» ауылының тұрғындарына жағдайдың жіті сараланып, арнайы комиссия арқылы келтірілген залалдарға үкімет тарапынан материалдық көмектердің көрсетілетіні мәлімделді.

Арқалықтағы су тасқынына көмекке Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті жасағынан – 50 адам, 3 техника және 1 тіркемелі мотопомпа, Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен – 50 адам 3 техника, Қостанай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 5 адам жіберілді. Бұған қоса облыс әкімінің пәрменімен қалағакеше тағы 50 мотопомпа жеткізілді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу