19 наурыз – «Жаңару күні» Жанкелдин ауданының өнерпаздары жаңа серпінмен ерекшеленді. Жұдырықтай жұмылған бірліктерінің дәлелі ретінде «Аспаптар үні» аясында 150 домбырашы екі күйді лезде орындады.
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің концерт залында бас қосқан аудан өнерпаздары айтулы мерекеге жаңаша серпін берді. Жанкелдин ауданының «Құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов мерекеге байланысты құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгін біздің аудан үшін ерекше күн. Себебі, 150 домбырашы бір арнада тоғысып, қазақтың қасиетті қара домбырасының шанағынан күмібірлеген күй төкті. Бізде арқалынып отырдық. Қазақ халқы қашанда ұлттық аспаптарды дәріптеген. Әр қазақтың төрінде кем дегенде бір домбыра ілулі тұру керек. «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп ата-бабаларымыз тегіннен-тегін айтпаған. Сондықтан ұлттық құндылығымызды қастерлеуіміз керек», – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Алдағы шілде айында өтетін «Ұлттық домбыра күні» мерекесіне арналған дайындықтың бастамасы деп қабылдағанымыз жөн. Биыл аталған мереке күні 500 домбырашы бірмезетте 7 күй орындайтын болады.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы