Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады

Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болу жөнінде тоқталып, көкейде жүрген көп ойды қозғап кетті.

Жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Президент осыған баса көңіл бөлудің маңызды екенін айтты. Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу үшін, әрине, ақпараттық технологияның мүмкіндігін пайдалануға болады.

Оқымайтындар бұрында да бар еді. Сондықтан кітап оқымайды деп барлық жасқа кінә таға алмаймын. Мысалы, ұялы телефоннан, интернет арқылы кітап оқитын жастар баршылық. Байқағаным, оларды заманауи әдебиет қызықтырады. Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы осы дәуірге сай кітапханаларды көбейту керек деп, кітапсүйер қауымды қуантып тастады.

Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Көп кітапхананың есігіне құлып салынды. Президент айтқандай, кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Құнды дүниенің бәрін сол жерден табасыз. Сондықтан бұған немқұрайды қарау негізсіз.

Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін атап өту жөніндегі ұсынысын мен де толық құптаймын.

Оқи білетін ел ғана дамиды. Ғұламалардың, табысты адамдардың өмірбаянын зерделеп көрсеңіз, олардың бәрі ізденген, кітаппен дос болған. Сондықтан, біздің қоғамда да Президент бастамасымен кешенді іс-шаралар қолға алынады деп сенемін.

Дариха ДҮЙСЕБАЕВА,
Л.Н. Толстой атындағы Қостанай
облыстық ғылыми әмбебап
кітапханасының басшысы

Жаңалықтармен бөлісу