Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында жаңа үлгідегі «Интерактивті мультимедиялық бейнестудия» тұсауын кесті.
Өңірде тұңғыш рет іске қосылған интерактивті бейнежазбаның мультимедиялық бейнестудиясы – бұл бейне және аудио жазуға, ақпараттық бейне презентациялар дайындауға, онлайн дәрістер мен веб-конференциялар өткізуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен.
Кешеннің салтанатты ашылуына Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, оқу ордасының факультет декандары мен профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Интерактивті бейнестудия қашықтықтан оқыту және шығармашылық қызметті ұйымдастырудың ең заманауи және тиімді шешімдерінің бірі. Оның бірегей мүмкіндіктерін пайдалана отырып, интерактивті бейне нұсқаулықтар мен бейне дәрістерді жазуға, бейне сабақтар мен конференциялар өткізуге және т.б. жаңашыл әдістеме перспективаларын іс жүзінде жүзеге асыруға болады.
Бұл – ҚР «Ғылым және жоғары білім» министрлігінің оқу үдерістерін цифрландыру жөніндегі талаптарына сәйкес келетін цифрлық технологиялар арқылы оқытушылар мен студенттердің өзара іс-қимылының өте құнды құралы іспетті.
Жаңа «Интерактивті мультимедиялық бейнестудияның» кермесін қию рәсімі қала әкімі Әмірхан Асанов пен белгілі айтыскер ақын, институт профессоры Айбек Қалиевке бірілді.
«Қазіргі таңда әлемдегі университеттер үшінші миссияны орындауға кірісіп кетті. Үшінші миссия дегеніміз – біріншіден ол білім беру процесі, екіншіден ғылыми зерттеулермен айналысу, үшіншісі қоғамға қызмет ету. Қоғамға қызмет ету дегеніміз-әр адамның қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, өңірдің, қаланың дамуына ықпал ету. Біз Арқалық қаласының ғылым, білім және креативті даму драйвері болып саналамыз. Сондықтан, осындай мультимедиялық орталықтарды қалыптастыру арқылы біз қаламыздағы білім беру мәселесін, ғылыми зерттеу мәселелерін, қаладағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал ететін боламыз. Біздің есігіміз қаланың кез келген мемлекеттік ұйымдарына, білім беру мекемелеріне ашық болады. Бұл жерде оқытушылар өздерінің дәріс-лекцияларын жазып, интерактивті жүйеде сабақтарын жүргізуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, студенттеріміз осы технологияның көмегімен әлемдегі мықты университеттердің озық профессорларының лекциясын тыңдай алады. Осы арқылы біз қаламыздың, ұйымымыздың жалпы өңірдің дамуына атсалысамыз», – дейді институт ректоры Ержан Әмірбекұлы.
Цифрлық зертхана форматы интерактивтілік пен пәндерді 3D модельдеу арқылы қашықтықтан сабақ өткізуге қолайлы. Ең негізгісі, бейнестудия Coursera және EDx сияқты халықаралық платформаларға арналған контент жасауға, ZOOM, GoogleMeet, WebEx және басқа құралдар арқылы заманауи Led-тақтаға онлайн оқытуды таратуға, интерактивті презентацияларды жасауға және бөлісуге, аралас оқыту түріне арналған оқу мазмұнын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Кешен білім ордасының 26 миллион теңге шамасындағы өз қаражатына сатып алынған.