Анамыз бізге әрдайым үлгі болды

Анамыз бізге әрдайым үлгі болды

Ата-анамыз Жикан  Айтышев пен Жаниса Айтышева  Меңдіқара ауданындағы Ақсуат және Шолақсай ауылындарында дүниеге келген. 1946 жылы отау құрды. Өмірлерінің 20-30 шақты жылын Ресейде өткізді. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірді.

Бәрімізге білім берді. Әкеміз жұмыс басты болған соң, анамыз бала тәрбиесінде көп тер төкті. Сол кезде анамыздың барлық іске қалай үлгергенін бүгінде таңданыспен еске аламыз. Үйді таза ұстайтын,  бауырсақ пісіріп, тәтті тағамдарынын дәмі әлі күнге дейін аузымыздан кетпейді. Қонақ келгенде барын ұсынатын.

 

Бізге ата-анамыз үлгі болатын. Анамыз үлкеннің жолын кесіп көрген емес. Анам қартайған шағында да ер немерелерінің алдын кеспейтін.

Ресейде дүниеге келіп, білім алсақ та үйде бәріміз қазақша сөйлейтінбіз. Салт-дәстүрді берік ұстандық. Анам әр баланың ебін табатын. Кей кезде қатал болса, мейірім шуағын да шаша білді. Айтқан ақылы есімде қалып қойыпты. Ол бізге:

“Бір істе бастар болсаңдар, ұқыпты жасап соңына дейін жеткізіңдер немесе қолға алмаңдар!” дейтін.

Әйел адамның тағы бір даналығы – күйеуінің, отбасының беделін сақтауы. Туыстардың біріне көмек керек болса, анамыз әкемізге ақырын ғана ескертіп, жөн сілтеп отыратын.

Анамыз Жаниса Айтышеваны туыстарымыз, ауылдастар жанашырлығы мен жан тазалығы, жайсаң мінезі үшін құрметтеді. Балаларын еңбексүйгіштікке баулыды. Берген тәлім-тәрбиесі үшін ата-анамызға алғыс айтамыз. Аялы алақанында мәпелеп, балаға кең жүрегін ұсына білгені үшін табынамыз.

Сарра Ақтаева 

Жітіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу