Биыл облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен бес жоба жүзеге асқалы отыр. Осы бағытта AMANAT партиясының жанындағы “Жастар рухы” ресурстық орталығының жоспары баршылық.
“Біздің алдағы іс-шараларымыз жастардың көзқарасын сыни ойлауға қалыптастыру үшін бағытталатын болады. Жастар саясаты тақырыбында дөңгелек үстелдер өткіземіз. Жастар арасында әлеуметтік жарнама байқауын жариялаймыз. Ең үздік бейнеролик, ең үздік инфаграфика номинациясы бойынша жүлделері де дайын. Ол алдағы мамыр айына жоспарланып отыр”, – деді “Жастар рухының” консультанты Ділназ Бейсенова.
Жастар ресурстық орталығы бұдан да басқа спорттық іс-шаралар, корупцияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырамыз деп отыр. Ең маңызды жоба, “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты стартап байқауы. Оған үміткерлерді іріктеу 11 наурызда басталмақ. Стартап жобасына бизнес тренерлер, кураторлар тарту жоспарда бар. Ең қызықтысы, ауыл жастары арасындағы елді мекендерді көркейтуге арналған жобалар байқауы.
Баяндамашыға сыни пікірлер де айтылмай қалған жоқ. Жастарды үлкендер түсінбеді ме, әлде келешекке алаңдаған жұрттың шынайы жанайқайы ма ол туралы тап басып айту ертерек секілді.
“Бұл жерде жастардың сыни ойлауын қалыптастыратын нақты тұжырым жоқ”, – деп қорытты Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі Александра Серғазинова.
Залдағылар “Саналы Ұрпақ” қоғамдық бірлестігі қолға алғалы отырған жобаны ауқымы кең әрі қазіргі уақытқа сұранып тұрған дүние деп таныды. Басты ұстанымы, идеологияға тіл, салт-дәстүр арқылы үлестерін қосу.
“Биыл облыстың шекаралас аумағында орналасқан жеті ауданды таңдап алдық. Сол жақтарға барып, салт-дәстүрлерімізді насихаттаймыз. Жұмысты аудандарда ғана емес, жан-жағындағы ірі ауылдарды да қамтуға тырысамыз”, – деді қоғамдық бірлестік жетекшісі Нұрбек Әбдібек.
Бірлестік бастамасымен “Адал азамат” тақырыбында дәріс өткізілмек. Түрлі қоғамдық қабылдаулар жоспарланған. Ұжым қазақ фольклорын көрсетіп, әр ауданда салт-дәстүрге байланысты үш театралды қойылымды сахналайды.
“Біздің басты мереке мемлекеттік рәміздер күні. Соған байланысты әртүрлі флешмобтар көсетіледі. Республика күніне диалог алаңы, Тәуелсіздік күніне орай дөңгелек үстел өтеді. Арасында “Патриоттар форумын” жоспарлап отырмыз. Қатысушылар номинация бойынша патриоттар шеруіне шығады. Шеру сәуір айында басталып, сол рәміздер күнінде жеңімпаздары марапатталады”, – деп атап өтті Нұрбек Әбдібек.
Жобада контент жасайтын үш менеджер жұмыс істейді. Арнайы канал ашып, бір жылдан кейін басқармаға беріледі.
Өңірлермен жұмыста меценаттардың жөндеу жұмыстарын немесе әлеуметтік маңызы бар обьектілерден рельстер жасалады. Қанша қаражат бөлініп жатқаны жөнінде әлеуметтік желілерге жеткізіп, көрсету жоспарланған. Әр тоқсан сайын осы ақпаратты жинақтап, басқарма арқылы бұқаралық ақпарат құралдарына беріп отырады.
“Шеткері аудандарды таңдап отырғандарыңыз орынды бастама. Салт-дәстүрге байланысты қомақты істі қолға алып жатыр екенсіздер. Мемлекет сіздер секілді қоғамдық бірлестіктерге қаражат бөлгені жөн. Бұл жерде мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір мөлшерін де ескеру керек секілді. Сол үшін жобаны қызықты етіп түрлендіре түскен абзал”, – деп пікірін білдірді “Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы.
Бұл пікірмен “Қазақстан” телеарнасының меншікті тілшісі Дәурен Әбдібек те келісетінін айтты.
“Мемлекет өзіміздікі емес, біреудікі сияқты жүреміз. Тек қана жамандап шығамыз, бәріне біреу кінәлі. Өзіміз соны дұрыстайық, құлап жатқан нәрсені көтерейік деп ойламаймыз. Құр барып, концерт қойып келгенмен ешкім патриот болып кетпейді. Өзара әдістемелік пікір талас жасалса жақсы болар еді. Мысалы, мектепке барсаңыздар, балаға қоғамда не ұнайды, не ұнамайды деген сияқты. Қазіргі балалардың көбінде келешекке деген үміт жоқ. Өйткені олардың көшеде де үйде де еститіндері сол. Бар ойы шетелге кету. Басқа жерді мақтайды. Оны тұрған адамы істейді ғой. Соған педаготар, тәрбиешілер сіздермен еріп барып, оның көзқарасының дұрыс емес екендігін, әр адам еліне қызмет ету керектігін түсіндіріп жеткізсе нұр үстіне нұр болар еді. Сосын нәтижесін көретін сауалнама жүргізілсе. Тіл дәстүр деп жатырсыздар, тек соны насихаттау арқылы патриоттық орнап қалады деп ойламаймын. Оның да маңыздылығын, не үшін қажеттілігін айтқан дұрыс. Көбі қазір пайдалы нәрсені ғана көздейді, қажеттілікке ұмтылады. Сондай терең ой салатындай нақты бағдарламалар болса, тілге деген қажеттілік туындаса әңгіме басқа”, – деді Дәуренбек Әбдібек.
Бұл жерде Мемлекеттің ақшасын алғаннан кейін нәтижесін қалай көреміз деген сауал туады. Ақыр соңы құр есеп берумен аяқталамаса екен деген үміт те басым.
Жиынды Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының жетекшісі Александра Серғазинова қортындылады. Алдағы БАҚ бағытының үш маңызды критерийін алға тартты.
“Бізде баспасөз хатшылары мен жұмысты дұрыс жолға қою керек. Өтетін іс-шараларға дер кезінде шақыру жұмыстары ескерілсе игі. Екінші мәселе – БАҚ күнін ерекше атап өту. Бұл іс-шараны сапарлармен өткізуге болады. Республикалық дәрежедегі спикерлерді алдырған дұрыс. Шығармашылық байқау ұйымдастырумен шектелмейік. Биыл әр ұжым шығармашылық номерлерді әр сала мамандарымен дует формасында жүзеге асырса”, – деді филиал жетекшісі.
Қазанның аяғында интелектуалды ойындар өткізу жоспарланды. Осыған өңірдің әкімдерін тарту ұсынылды.
“Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы мен “ГрИн” азаматтық альянсының жетекшісі Динара Өтебаева адал еңбектері үшін облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ