Арзан пәтер уәде  еткен риэлторға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр Фото автордан

Арзан пәтер уәде еткен риэлторға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр

Қостанай қалалық №2 сотында клиенттерін алдады деп айыпталған риэлтор Жұлдыз Молжігітоваға қатысты сот отырысы өтті. Ол кепілде тұрған пәтер мен үйді арзан бағада сатып беремін деген уәдесінде тұрмаған. 

Іс бойынша сегіз жәбірленуші сот алдында куәлік берді. Шығын көлемі 30 млн теңгеден асады. Сот Мерей Аманжолов алдыңғы сот отырысында айыпталушының жарыссөзге дейін шығынды өтеуге болатынын жеткізген. Қазір Ж.Молжігітова ақша жинап, жәбірлеушінің біріне ақшасын толық берсе, өзгелерінікін өтеп жүр.

Осы жолғы сот отырысына кепілде тұрған пәтерлерін сатпақ болған екі адам келді. Алайда ол 2016 жылы болған оқиға.

“2016 жылы ақшалай несие алдым. Ал 2022 жылы көлігімді соғып алдым және сол жылы қолымды сындырып алдым. Аяғында несиені төлей алмайтын болғандықтан, банк сотқа арыз түсіріп, менің пәтерімді кепілге қойды. Мен үйді сатуға бел буып, “ОЛХ” қосымшасына жарнама бердім. Маған сатып алушылар келіп, үйімді қарап кетті. Өзім ешқандай риэлтордың көмегіне жүгінген емеспін. Заңгермен кеңесе келе, пәтерді банк тартып ала алмайтынын білдім. Ақыр аяғында пәтерді сатпадым, әлі күнге дейін сонда тұрып жатырмын”, – деді Салатов.

Екінші куәгер Надежда Чечинаның пәтері банкте кепілде тұрған. Сатылымға 2016 жылы қойылған, ал 2017 жылы сатылымнан алынып тасталған.

“Банк өкілдерімен тіл табысып, қарызымды өтеуге келістік. Олар менің жалғыз басты ана екенімді және кәмелетке толмаған балам барын ескерді. Ал 2022 жылы мен ешқандай пәтерді сатылымға қоймадым. Банктегі несиемді ай сайын өтеп жатырмын”, – деді Н.Чечина.

Бұл іске тағы бір адамның қатысы бар екені анықталды. Ол кепілде тұрған пәтерлер жайлы ақпарат беріп отырған Ілияс Бокаев. Ол өзін сот орындаушысы ретінде таныстырған. Берген ақпараты үшін де ақша алып отырған. Қазір ол Ресейде. Қазақстанға қашан оралатыны белгісіз.

“Ілияс Бокаевтың сот отырысына қатысқанын қалаймын. Өйткені клиенттерге пәтер жайлы уәде берген сол. Жаңа үйлерді ұсынғаны туралы жазба бар. “Қонай” ауданындағы пәтерді ешқандай қиындықсыз алып беремін деп айтқаны жазылған. Оған қоятын сауалым көп. Ақшаны да мен соған бердім”, – деді Ж.Молжігітова.

Сот Мерей Аманжолов клиенттермен келісім-шартқа Молжігітова отырып, қол қойғанын жеткізді. Сол себепті, жазбаны тыңдау туралы талап-арызды қанағаттандырмады. Мемлекеттік айыптаушы да жазбаның бұл  іске қатысы жоқтығын айтты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу