Арқалық қаласының тұрғыны Фариза Әубәкірова үкіметтен жастарға беріліп жатқан төменгі пайызбен бес миллион теңге грант алып, қала орталығынан жеке асханасын ашты.
Асхананың ашылуына қала тұрғындары көп жиналып, тегін ұсынылған дастарқан мәзірінен дәм татты. Қаланың шеткері ықшам ауданында дәмхана жұмысын бастағанына ағайын арқа-жарқа болып алғыстарын айтып жатыр.
Көпшіліктің қаумалауымен салтанатты түрде кермесі қиылып, ұлттық салт-дәстүрімізге сай бата беріліп, шашу шашылды.
Жас кәсіпкер Фариза Байқонысқызы – Аманкелді ауданының Тасты ауылының тумасы. Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Қазірт тұрмыста, үш баланың анасы.
«Баламен үйде отырғанда кондитерлік өнімдерді өндірумен айналыстым. Кейін кәсіп бастағанда да осы іспен тереңірек шұғылдануға бел будым. Жуырда қалалық «Мансап» орталығы арқылы грантқа құжаттарымды тапсырып, жеңімпаз болдым. Алған қаражатыма қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Өз қаражатымызды да салдық. Нәтижесінде халықтың сұранысын өтеуге осындай мүмкіндік туып отыр. Жастардың өз алдына кәсіп бастауға қолайлы жағдай туғызған мемлекетімізге зор алғысымды білдіремін», – дейді Фариза.
Жаңа асхана 50 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Қаланың 7 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер клешекте жұмыс ауқымын бұдан да кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға ынталы. Әзірге меншігіндегі ғимараттың 40 пайызын ғана іске қосып отырғанын айтады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы