Бес жылда 63 мектеп жабылған

Бес жылда 63 мектеп жабылған

Облыста көптеген білім ошағы  мемлекеттік нормативтерге сәйкес емес. Яғни, ондағы бала саны аз. Мектептер жабылудың сәл-ақ алдында тұр. Облыстық білім басқармасы осылай деп дабыл қағады.

Басқарма бастығы Айман Ибраеваның айтуынша,  соңғы бес жылдың ішінде өңірде 63 мектеп жабылып қалған.  Олардың кейбірінде  жылдар бойы бір-екілі бала оқыған. Мұндай шағын комплектілі білім ошақтарын ұстап тұру басқармаға қаржы жағынан тиімсіз.

Бүгінде  облыс  елді мекендеріндегі 288  мектептің 119-ында контингент сәйкеспейді. 55 мектепте бала саны онға жетпейді.  63 мектепте оннан сәл асады. Сондықтан, облыстық білім басқармасы аудан, қала әкімдерін ауыл мектептерін сақтап қалуға шақырды.

“Біз бұл жұмыстарды аяқсыз қалдырмаймыз. Өйткені, баланың бойына жастайынан сапалы білімнің дәнін сіңіру өте маңызды мәселе”, – деді Айман Ибраева.

Бұл мәселені  облыс әкімі Құмар Ақсақалов та құптап отыр. Өңір басшысы елді мекендердегі 41% мектептің жағдайы сын көтермейтіндігін айтты. Ауыл мектептеріндегі бала санын толықтыру мәселесі тек қоныстандыру шараларымен шешілмеуі тиіс. Баламалы көздерін іздестірген жөн. Мәселен, ауылда тұратын кез келген ауқатты отбасы  интернат үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балаларды өз күтіміне алса әлгіндей мектептерге сеп болар еді.

“Біздің облыста мұндай үлгілі отбасылар бар. Кей өңірде мұғалімдер балаларды өз қанатының астына алған. Мәселен, Алтынсарин ауданына қарасты Приозерный бастауыш мектебінің мұғалімі Розалия Гасанова үш баланы мәпелеп отыр. Қарабалық ауданындағы Халитовтар отбасы да екі баланы өз  тәрбиесіне алыпты. Облыста барлығы 142 бала тәрбиелеуші отбасы тұрады. Яғни, ата-ананың аялы алақанына зәру 195 бала күтімде. Біз оларға жалақы төлеп отырмыз.  Бала интернатта емес, үйде тәрбиеленуі керек. Бұл білім сапасына да әсер етеді”, – деді облыс басшысы.

Толықғырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Қайырбек Ғылымжанов

Жаңалықтармен бөлісу