Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» дүкен ұрлығын ашты деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
38 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның жасаған қылмысы дүкеннің ішінде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Ол Қостанайдағы азық-түлік дүкендерінің біріне заңсыз кіріп, кассадағы ақшаны жымқырған. Онымен қоймай, алкогольдік ішімдіктерді, азық-түлік және компьютерлік техниканы ашықтан-ашық ұрлауға көшкен. Залалдың жалпы сомасы 800 мың теңгеден асып жығылады.
“Үй-жайға кіру арқылы ұрлық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, барлық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – дейді Қостанай қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Ербол Қарымсақов.
Дүкен иесі полицейлерге қылмыскерді жедел ұстағаны үшін алғыс айтты.
Мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлер азаматтарды дабылдағыштар мен бейнебақылау камераларын орнатуға шақырады.