Гашек көшесіне автобус қатынай ма?

Гашек көшесіне автобус қатынай ма?

Қостанай қаласының Гашек көшесіндегі Күштік спорт түрлерінің академиясында 650-ден астам бала шынығады. Бір “әттеген-айы”, спорт нысанына дейін қоғамдық көлік қатынамайды. Жасөспірімдер алыстағы аялдамадан түсіп қалып, ары қарай жаяу барады. Әсіресе, қыста қиын. Балаларының қауіпсіздігіне ата-аналары да алаңдаулы. Аталған мәселе Қостанай қаласы әкімдігінде өткен кезекті аппарат мәжілісінде сөз болды.Сонымен қатар, қалалық жағажай мен триатлон саябағының маңында орналасқан теннис орталығына да қатынайтын қоғамдық көлік қажет.  Қалалық спорт бөлімінің басшысы Мұрат Кентоновтың айтуынша, бұл мәселе ұзақ уақыттан бері ата-аналардың назарында.

– Қалалық тұрғын үй-коммуналдық бөлімі бұл мәселені біраз уақыттан бері қарастырып жатыр. Үш ай уақыттың ішінде мәселе шешімін табуы керек. Алдағы жаңа оқу жылы басталғанша Гашек көшесіне қатынайтын автобус туралы нақты ақпарат белгілі болуы тиіс. Теннис орталығына дейін баратын қоғамдық көлік те қажет. Фролов көшесін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ол жерде биыл абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Алдағы уақытта қоғамдық көлікке деген сұраныстың туындайтыны ақиқат. Сондықтан, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды осы уақыттан бастауымыз қажет,- деді қала әкімі Марат Жүндібаев.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Жаңалықтармен бөлісу