Танымал театр сыншылары Арқалықта

Танымал театр сыншылары Арқалықта

Қазақ әдебиетінің классигі Б.Майлиннің 130 жылдығына орай Қазақстан театр сыншылары бірлестігімен тәжірибе алмасу апталығы аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессорлары: театртанушы, өнертану доктор-кандидаттары Бақыт Нұрпейіс, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласына келіп, қаладағы облыстық қазақ жасөспірімдер тетрының қарашаңырағында шеберлік сағаттарын өткізіп, театр қойылымдарын көрді. Жастарға  бағыт-бағдарларын беріп жатыр.

Апталықтың алғашқы күні Д.Урбанның «Тышқандар» ертегісімен (қоюшы-режиссер Ф.Канафин) және Р.Кунидің «Әзәзіл ақша» комедиясымен (қоюшы-режиссер Е.Абжалов) басталды. Театр сыншылары қойылым туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Бүгінгі таңда шалғайдағы театр ұжымы қалай жұмыс істеп жатыр? Репертуарлық бағыты қалай? Спектаклдер қалай ойналып жатыр? Міне, біз осындай сұрақтарға жауап табу үшін  бірталай жұмыстарды қолға алынып жатыр. Жалпы, қазіргі кезде қазақ театрлары әлемдік театр контексінде үлкен белестерді бағындыру үстінде. Бағыт-бағдарлары да жақсы.

“Жастардың жаңа серпінмен алға басып бара жатқаны бізді қуантады. Арқалық қазақ жасөспірімдер тетрының тынысынан да хабардармыз. Өнер ұжымының қара шаңырақты ұстап келе жатқан еңбектері мол. Алыс аймақтарда өнер шаңырағын ұстап тұрудың жауапкершілігі зор. Өйткені, кадрларды тарту, актерларды, режиссерларды жұмысқа келуге қызықтыру, көрерменді баурап алу деген оңай дүние емес. Театрдың тамыры бүлкілдеп соғып, спектаклдер қойылып жатыр екен. Енді, бұл ұжымның алдында үлкен мақсат тұр деп есептейміз. Ол – өнер шыңына шарықтап көтерілуге ұмтылыс жасайтын театр бәйгелеріне қатысу. Біз соңғы он жыл уақыт көлемінде үнемі республикалық театрлар фестивалінің қазылар алқасының мүшесі болып жұмыс атқарып келеміз. Театрлар фестиваліне қатысып, өздерін көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді»,  – дейді білікті театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс.

Апталық аясында театр сыншыларының назарына жоғарыда айтылған қойылымдардан бөлек, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» (қоюшы режиссеры – Е.Абжалов), Г.Хугаевтың «Қара шекпен» (қоюшы режиссеры – Б.Шамбетов), Ә.Айтуардың «Туған күніңізбен, Анашым!» (қоюшы режиссеры – Ж.Түсіпбеков), А.Дударевтың «Кеш» (қоюшы режиссеры А.Қайырбекова) спектаклдері ұсынылмақ.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу