Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударып отыр. Өйткені, дәл осы сала еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда үлкен серпінге ие.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат көлемін екі есеге ұлғайту, көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеңілдетілген кредит көлемін ұлғайту қажеттігін атап өтті. Айтуынша, соңғы он жылда (2014 жылдан 2023 жылға дейін) облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға 306 млрд теңге субсидия төленді. Осы кезеңде бөлінген қаражат көлемі 2,8 есеге өскен.
“2023 жылы саланы дамытуға 105 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялауға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізу үшін 43 млрд теңге несие қаражаты бөлінді. Жекелей алғанда, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ арқылы науқандық жұмыстарға 35,4 млрд теңге берілді. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ астықты форвардтық сатып алуға 7,2 млрд теңге берді. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды несиелеуге 15 млрд теңге жұмсалды“, – деді Арман Әбенов.
Мұның сыртында қаңтар айында ауыл шаруашылығын дамытуға 38 млрд теңге бөлінді. Жыл бойы бөлінетін қаржы көлемі ұлғая бермек. субсидиялаудың жеті түрі бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша 35 млрд теңгеден астам қаржы көлемінде бюджеттік өтінім жіберілді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, дала жұмыстарын өткізу үшін кредит беру көлемін өткен жылдың деңгейінде бөлу жоспарланып отыр. Арман Әбенов үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім көлемін 70%-ке дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтады. Бұл міндетті шешу үшін қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және агроөнеркәсіп кешенінің жаңа заманауи объектілерін салуға инвестиция қажет деді ол.
Облыстың тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінде 200 – ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өткен жылдың қорытындысы бойынша 422 млрд.теңгенің өнімін өндірген. Өңірде жетпіс инвестициялық жоба ел игілігіне айналды. Мәселен, шикізаттан бастап қаптамаға дейін толық циклді “Кайзен” ЖШС бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 9 млрд теңге инвестиция тартылып, 70 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, жылына 40 тонна құрғақ бие сүтін өндіретін “s-Agro-Borovskoe” ЖШС жобаға 10 млрд теңге жұмсады. Мұнда да 70 адам еңбек етеді. Енді биыл “Милх” ЖШС 7,2 млрд теңге инвестиция құйып, жылына 2 мың тонна ірімшік өндіруге қауқарлы зауытты іске қоспақшы. Тізе берсек, мұндай ілкімді жоба көп.
“2024-2026 жылдар аралығында инвестициялық жобаларды кредиттеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алдын ала жиырма жоба іріктеліп алынды. Бұл шаруашылықтарда сүт өнімдерін өндіруді 30% – ға ұлғайтуға және сүт өңдеу кәсіпорындарын қосымша жүктеуді 70% – дан 86% – ға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді А.Әбенов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жеке инвестиция өнім өңдеу өнеркәсібінде және АӨК қайта өңдеу үлесін арттыруға үлкен сеп екендігін атап өтті. Бұл экономиканы дамытуда маңызды рөл атқаратындығы анық. Барлық аудан және қала әкімдерінің жұмысы қолға алынған жобаларды жүзеге асырумен бағаланады.
“Ауылдық жерлерде жыл сайын мал бордақылау алаңдары, сүт-тауарлы фермалары сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кешен сияқты ауқымды жобалар жүзеге асуы керек. Біз бұл жобаның барлығын ӘКК арқылы 2,5% мөлшерінде қаржыландыруды жалғастыра бермекпіз. Жақында біз облыста инвестиция тарту бойынша кеңес өткіземіз. Оған өзім басшылық етемін. Ол республикалық штабтың принципі негізінде жұмыс істейді. Негізгі мақсаты- инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы экономиканы әртараптандыру, өсімін қамтамасыз ету”, – деді Құмар Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ