Биыл жолда тәртіп бұзу оқиғасының дені республикалық жол бойында тіркеліп жатыр. Бұлардың қатарында мас күйінде немесе куәліксіз көлік басқару фактілері полиция қызметкерлерінің назарына іліккен.
Ол туралы өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында мәлім болды. Облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Алексей Милюк қаңтар айында 18 жол көлік оқиғасы орын алғанын айтып отыр.
“Осы айда оның саны жиырмаға жетті. Екі оқиға Лисаков, Рудный аумағында орын алды. Қазіргі ауа райының нашарлауына қарамастан, жүргізушілер жағдайды бақылауға алар емес. 54 жылдамдық арттыру әрекеті тіркелді”, – дейді Алексей Милюк.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Айнұр Жұмағұлова бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда он пайызға төмен екенін пайымдады. Оның айтуынша, қаза тапқан адамдар саны да 33 пайызға азайған.
Дәлірек айтқанда, осы оқиғалардан кейін төрт адам қаза тауып, жиырма тоғызы түрлі жарақат алған. Оның көбі жоғарыда атап өткеніміздей, республикалық тас жолында болған.
“Осы екі мыңнан астам ереже бұзу оқиғасы тіркелді, 19 адам көлікті мас күйінде жүргізді. Қаңтар айында 11 мыңнан астам тәртіп бұзу фактісі тіркелді. Басқару құқығы жоқ жеті жүз адам анықталды. Оның жүзі мас күйінде көлік жүргізген. Мұның бәрін “Қауіпсіз жол” іс-шарасының нәтижесінде анықтап отырмыз. Осы уақыттарда жасырын патрульдеу әдісін қолданамыз”, – дейді Айнұр Жұмағұлова.
Биылдыққа полиция қызметкерлері үш жедел профилактикалық шара өткізгенін айта кетейік. Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ