Қостанайда ата-аналар дабыл қақты: “Жүз бүлдіршін қайда барады?”

Қостанайда ата-аналар дабыл қақты: “Жүз бүлдіршін қайда барады?”

Қостанай қалалық білім бөлімі Қостанайдағы №15-ші қазақ мектебі ғимаратының бір қанатын Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында жалға алған «Алдияр» жекеменшік балабақшасынан орынды босатуын талап етуде.

Себебі соңғы жылдары білім ошағында оқушылар саны шектен тыс көбейгендіктен өздері де сынып бөлмелерін жеткізе алмауда. Ал, мұндай шешімді бір күн бұрын естіген ата-аналар білім саласы басшыларының шешімімен келіспейтіндерін айтады.

   2015 жылы «Солтүстік-батыс» шағын ауданында тұңғыш рет №15-ші жалпы білім беретін қазақ мектебі пайдалануға берілген. Іле осы мектептің бір қанатынан мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі аясында 100 балаға шақталған қазақ балабақшасы ашылды. Аядай ғана «Алдияр» балабақшасы содан бері талай балақайдың бойына ұлттық рухтағы тәрбие дәнін егіп, олардың тек қазақ мектебін ғана таңдауына жағдай жасап келген. Енді, міне, 10 жыл бойы халық игілігіне қызмет етіп келген балабақша ұжымы жақын жерден көше қоятын қолайлы ғимарат таппай, жабылып қалуға шақ тұр. Ата-аналар да әбіржулі.

«Бұл жерге осымен үшінші баламыз келіп жүр. Өзіміз ана тілімізді дұрыс білмегендіктен, осы олқылықтың орнын ең болмаса балаларымыз арқылы толтырайық деген ниетпен арнайы таза қазақ тілінде оқу-тәрбие беретін балабақшаны таңдап алғанбыз. Бұл – осы маңайда орналасқан бес шағын аудандағы жалғыз балабақша. Коттедж ғимараттарында отырған орыс немесе аралас балабақшалар болмаса, жақын маңда бұдан басқа қазақ балабақшасы жоқ. Тәрбиешілері де өте білікті мамандар. Осы балабақшаның арқасында өзіміз де тіл үйрене бастадық. Қазір үйде балаларымызбен ана тілінде сөйлесеміз. Төртінші қызымыз Сәбинаны осы балабақшаға берейік деп едік, мұнда 2 жасар сәбилерге арналған топ болмады. Амалдың жоғынан №61 балабақшаға бердік. Өзімізге ыңғайлы болу үшін үлкенін де сол балабақшаға ауыстырғымыз келген. Бірақ ол қызымыз «Баян апаймен қаламын» деп жылап, ауыспай қойды. Тіпті, мемлекеттік тілді үйрету үшін осы балабақшаға баласын жетектеп әкеліп жүрген орыс ұлтының өкілдері де бар. Біз балабақшаның жабылуына қарсымыз.  Ең алдымен бала мен ата-ананың құқығы тапталмау керек. Мысалы, бұл балабақша жабылып қалса, бұл шағын ауданнан баламды беретін қазақ балабақшасын таба алмаймын. Бізге аралас балабақша керек емес, толық қазақ тілінде тәрбие беретін мекеме керек. Ал ондай балабақшалар өте алыс, қаланың екінші шетінде»,  –  көп балалы ана Бақытгүл Ыдырысова.

Ата-аналардың бәрі балабақшаның жабылатынын кеше ғана естігенін айтады.

«Өз басым кеше түні ғана естідім. Бұл балабақша жекеменшік болғанымен, 100 баланы ата-анасы тек баланың тамағына ғана ақы төлеп отырғанбыз. Қалғаны түгел тегін болатын. Енді осы балабақшамыздың бір сәтте жоқ болып кетуі бізге де, балаларымызға да ауыр тиіп отыр. Осы мектептің директоры «Өзімізде шағын орталық бар. «Индиго» электронды қызметі арқылы 50 баланы сол жерге қабылдаймыз», дейді. Ол кісіден «Индигоға» тіркелсек, баламыз автоматты түрде орталыққа қабылдана ма?» десек, «Жоқ, мен оны  білмеймін» деп отыр. Яғни, ертең біз «Индигоға» тіркелгеннің өзінде директор «Сіздер үлгермей қалдыңыздар» деп айтуы мүмкін. Сондықтан балаларымыз да, тәрбиешілер де өз орындарында қалсын деген талап қойып отырмыз», – дейді ата-ана Нұржан Әбдіқалықова.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қостанайдағы қазақ және орыс балабақшаларында 480-нен астам бос орын бар екен. Бірақ олар «Солтүстік-Батыс» шағын ауданынан алыс орналасқан әрі көбі орыс тілді немесе аралас тілді балабақшалар. Сондықтан ата-аналардың бұл тәрбие ошақтарына балаларын жетектеп жүргісі  жоқ.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

 

 

Жаңалықтармен бөлісу