Су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталды

Су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталды

Көктемде су басуы ықтимал елді мекендердің тізбесіне сәйкес, облыста қауіпті аймақтарда орналасқан 89 елді мекен бар. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

Соңғы жылдары жүргізілген инженерлік жұмыстардың нәтижелері бойынша 36 елді мекенде су басу қаупі азайтылды. Бұл тізімге Арқалық, Алтынсарин, Денисов, Жанкелдин, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Наурызым, Сарыкөл, Федоров және Б.Майлин аудандары кіреді.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Жәнібек Кәрімбаев соңғы деректерге сүйене отырып, биылғы қардың биіктігі өткен жылмен салыстырғанда өскендігін, ал қардағы су қоры, керісінше, азайғандығы туралы мәлімдеді.

“Өткен жылы бекітілген инженерлік жұмыс жоспары шеңберінде тығыздалған топырақтан қосымша жер үйінділері тұрғызылды. Олар табиғи бөгет ретінде пайдаланылатын болады. Теректі өзенінің қарама-қарсы жағалауында екі жасанды су бұрғышы құрылды. Былтырғы су тасқыны кезеңінде зардап шеккендерге арналған үш тұрғын үй салынды. Аймақтарда нөсер кәрізі  тазартылып, аудандардағы бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді”,– дейді Жәнібек Тұрлыбекұлы.

Арнайы мамандар су тасқының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларымен таныс болуға кеңес береді. Ең алдымен, 112 номеріне хабарласу қажет. Кейін өздерімен бірге керек құжаттарды,  қажетті заттар мен дәрі-дәрмек, азық-түлік ала жүруді ескертеді. Үйден шығар уақытта электр желілерін тексеріп, тоқтан ағытып кету шарт. Міндетті түрде газды өшіріп, бағалы заттарды жоғарғы жаққа қою керек.

“Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 278 тоннадан астам жанар-жағар май, 12750 тонна инертті материалдар, 75820 дана қапшықтар дайындалды. Зардап шеккен халыққа 3 600,0 мың теңге сомасына 16 тонна азық-түлік жеткізуге 147 шарт жасалды. Тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу үшін 550 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқыны жағдайының асқынуы жағдайында әкімдіктермен бірлесіп, жалпы саны 2500 адам, 1500 техника құрылды”, – дейді Жәнібек Кәрімбаев.

 

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу