“Отаншыл, адал, іскер адам елді дамытады”

“Отаншыл, адал, іскер адам елді дамытады”

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде “Әділетті Қазақстан” құруымыз қажет деп жариялады. Ол бұл жайлы бірнеше рет айтты. Осы мақсатқа жету үшін, дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек заманға сай көзқарасымызды нақты іс-қимыл жасауымыз керек.
Елімізді күні кеше Үкімет басшысы ауысты.

Жас буынның билік басына келуі қуантады. Премьер-министрге бірқатар тапсырмалар жүктелді. Ол ең алдымен халықтың әл-аухатын жақсарту. Елдің экономикасын тіктеу. Мемлекет басшысы бұл жайлы Үкіметтік кеңейтілген отырысында да қадап айтты.

– Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Президент.

Шын мәнінде сапалы даму қажет деді. Ол дегеніміз, нақты жұмыстар атқарылуы қажет дегенге саяды. Мен де еліміздің азаматы ретінде жаңа тағайындалған Үкімет басшысы мен министрлерден жаңа үдеріс күтемін. Отаншылдық, адалдық, іскерлік бойынан табылған адам ғана жетістікке жетеді, елді дамытады, биіктерге жетелейді.

Сәлімгерей БЕКСЕЙІТОВ,
Рудный қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

Жаңалықтармен бөлісу