Ол маған кешірімді болуды үйретті

Ол маған кешірімді болуды үйретті

Анамның әр айтқан ақылы, көрсеткен шынайы махаббаты маған дем береді.  Қазірде есейген қыз болсам да, ішімде балалық қуанышым әлі күнге дейін  бар, ыстық- жылу бар сөздеріңе не жетсін?

Әлі есімде, кішірек кезімде бала болып қызық қуып, ойнап кеткен мен анамның айтқан тілін алмай, қиқарлық танытқаным бар. Ал ол мені сабаққа барар сәтте үйге кіргізбеді. «Алдымен кешірім сұра, содан соң кіргіземін» дегені есімде. Кешірім сұраудың не екенін оған дейін білмеппін. Анам сонда маған: «Балам, мені ғана емес, қандай да бір адам баласын ренжітсең, кешірім сұрап үйрен»,- деді. Содан бері кешірім сұраудың, өзіңнің қателігіңді түсініп, түзеуге тырысқанның үлкен ерлікті, батылдықты қажет ететінін білдім.

Иә, анам мені өмірдің мектебінен сүрінбей жүруім үшін берген алғашқы сабағы деп қабылдадым. Әкем ерте қайтқан соң анам мені және үш бірдей бауырымды үп еткен желден қорғап, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсіруде. Әке орнына әке де, ана орнына ана да болды. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлпештеп, ақыл айтып, киіміңізді тазалап, дәмді ас ішкізіп, еркелетіп, өсіртіп, бағып-қағып жүр.

Қиын сәтте табылатын қасымда,

Алыс кетсең, жолығатын асыға.

Алғыс айтам өмірімнің мәніне,

Жанашырым, жалғыз менің анама, – деп анама жүректен шыққан жырымды арнаймын.

Анам – мен үшін өмірлік ұстазым. Ол қай уақытта да ақылын айтып, бағыт беруден ешқашан жалыққан емес. Қандай да бір сәтте қабақ шытып, көңіліңе қаяу түсірсем, өкпелетіп, ренжітсем, кешіргейсің, асыл анам!

Айдана КІНДІКБАЙ,

Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы

Жаңалықтармен бөлісу