Облыста он жыл бойы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өскен жоқ. Аграрлық өнеркәсіптің кейбір саласында құлдырау байқалады. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы кеңесте айтты.
Кеңес жұмысына АШМ вице-министрі Азат Сұлтанов қатысты. Алқалы жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамбетов ауқымды баяндама жасап, он жыл бедеріндегі көрсеткіштерді саралап көрсетті.
“Біріншіден, әртараптандыру негізінен айналымға қосымша тартылған жерлер есебінен жүргізілді. Бүгінге текті егістіктің шамамен 80%-і бидайдың еншісінде қалып отыр. Екіншіден, ең жоғары өнімді дақылдарға, негізінен майлы дақылдарға артықшылық берілді. 2014 жылы олардың саны 362,9 мың гектар болса, 2023 жылы 661,1 мың гектарға жеткізілді. Яғни, он жылдың ішінде 1,8 есеге ғана өсті. Дегенмен, осы жылдар ішінде майлы дақылдардың үлесі тиісінше 7,1% және 11,9% – дың айналыснан ұзаған жоқ. Сосын жем-шөп дақылдарының үлесі төмендеп кетті. Мәселен, 2014 жылы 599,7 мың гектар болса, 2023 жылы – 511,5 мың гектарға кеміді. Оның ішінде ірі жем-шөп дайындау үшін пайдаланылатын көпжылдық шөптер алқабының азаю үрдісі бар. Бұл деректер мал шаруашылығы саласының дамуы төмендегенін көрсетеді. Төртіншіден, мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары саладағы өнімділіктің артуына әсер еткен жоқ. Өнімділік ауа райының факторларына байланып қалды. Қолайлы жылдары астық бойынша гектарына 12,5 центнерден 14,3 центнерге дейін өнім жиналса, қуаңшылық жылдары әр гектардан 7,5 центнер ғана астық алынды”, – деді басқарма басшысы.
Өңір басшысы атап өткендей, жылма-жыл салаға бөлінген қаржы өскенмен, нақты нәтиже жоқ.
“Әртараптандыру тиісті деңгейде жүргізілмейді. Етті, сүтті және т. б. субсидиялауға қарамастан, мал шаруашылығында көрсеткіш өте төмен. Бүгінгі таңда жер ресурстарын пайдалану өзекті мәселеге айналып отыр. Бақылаушы мемлекеттік органдар учаскелерді ұтымды пайдалану мониторингіндегі тәсілін өзгертуі қажет”, –деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жер телімдерін ұтымды пайдалану бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Кеңесте бұл мәселеге ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов егжей-тегжейлі тоқталды. Ол жерді кәдесіне жарата алмай отырған шаруалардың жерлерін мемлекетке қайтару қажеттігін тағы бір еске салды. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ