Облысқа жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне қатысты кеңес өткізді.
Алқалы жиында өнеркәсіп, жылу энергетикасы, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Ол өзінің 2022 жылдың қыркүйегінде астықты өңірге жасаған жұмыс сапарында берілген тапсырмалардың басым бөлігінің орындалғанын атап өтті. Кейбір инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру әлі күн тәртібінен түскен жоқ.
“Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Үкімет тарапынан қаражат уақытылы және толық көлемде бөлініп жатыр. Әкімдік жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы қажет”, – деді Әлихан Смайылов.
Сумен қамту нысандарының ластануына жол бермеу мақсатында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту жөнінде тиісті шаралар қабылдау тапсырылғанын еске салды.
“Әкімдік және құзыретті министрлік толық құжаттамасы бар жобаларды биыл іске асыруға кірісуі тиіс. Жоспарланған жобалар бойынша құжаттаманы әзірлеуді және конкурстық рәсімдерді өткізуді жеделдету қажет”, – деді Премьер-Министр.
Кеңестің күн тәртібіне көшкен Әлихан Смайылов былтыр қолайсыз табиғи-климаттық жағдайға байланысты агроөнеркәсіптік кешен үлкен қиындыққа тап болғанын атап өтті.
“Осыған қарамастан, өңірде 4 млн тоннаға жуық дәнді дақылдар жиналды. Биылғы жылға облыс фермерлері үшін бюджеттен 57 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 38 млрд теңге субсидия түрінде бөлінбек. Облыс әкімдігі көктемгі егісті дер кезінде өткізуі үшін барлық шараны уақытылы қабылдауы қажет”, – деді ол.
Премьер-Министр өңірдің климаттық жағдайлары мен экономикалық тұрғыдан тиімділігін ескере отырып, ірі сүт-тауар фермаларын дамытуға қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға “Ауыл аманаты” жобасы да өз септігін тигізген.
“Өткен жылмен салыстырғанда, Үкімет облысқа осы жобаны іске асыруға биыл екі еседен артық қаражат бөлді. 2023 жылы бөлінген қаражат есебінен 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылғанеді. Бұл жолы кем дегенде 600 жұмыс орын ашу жоспарланып отыр. Әкімдік кредиттер беріп қана қоймай, қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын да ынталандыруы қажет”, – деп тапсырды Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы биыл жалпы құны 127 млрд теңге болатын 13 өнеркәсіптік инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Осыған байланысты ол облыс әкімдігінен жоспарланған жобалардың сапасын бақылауды және тиісті инфрақұрылымды жүргізуді ескере отырып, индустриялық аймақты кеңейту мәселесін пысықтауды талап етті. Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін жаңа газ құбырын салу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
“Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және QazaqGaz-бен бірге осы бағытта жұмысты жеделдетуі керек. Әкімдік өңірді газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етуді ескере отырып, инвесторлармен олардың жобаларын іске асыруды үйлестіру бойынша жұмыс жүргізуі тиіс”, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет былтыр тамыз айында Жанкелдин және Аманкелді аудандарын, Арқалық, Жітіқара және Лисаков моноқалаларын дамытудың кешенді жоспарларын бекітті. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 78 млрд теңге қарастырылған.
“Бұл қаражат, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Әкімдік барлық іс-шараның сапалы және уақытылы жүзеге асуын қадағалауы керек”, – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, кеңес барысында логистиканы дамыту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, 2023 жылы өңірдің автожол саласының бюджеті 56 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражатқа елді мекендердің арасындағы 700 шақырымдық жолға және елді мекендердегі 299 көшеге жөндеу жүргізілді. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 66 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
“Өңір үшін маңызды жоба “Қостанай-Денисовка” автожолы күрделі жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар “Ұзынкөл-Троебрат”, “Сарыкөл-Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы” және Ұлытау облысының шекарасынан Арқалық қаласына дейінгі автожол учаскелерінде жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар аяқталған соң алдағы уақытта “Қостанай-Ресей Федерациясының шекарасы” автомобиль жолын реконструкциялау жоспарланған”, – деді Премьер-Министр.
Денсаулық саласын дамытуға қатысты Әлихан Смайылов бұған дейінгі жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының бірі – облыстық перинаталдық орталық салу және Тобыл қаласында емхананы қаржыландыру мәселелерінің қолға алынғанын атап өтті.
“Жыл соңына дейін әкімдік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, емхананы пайдалануға беріп, перинаталдық орталықтың құрылысын бастауы керек”, – деді Үкімет басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ