Баға көтеріліп, тағам сапасы арта ма?

Баға көтеріліп, тағам сапасы арта ма?

Былтыр қыркүйектен бері мектептердегі 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтанып келе жатқанын білеміз. Бұл облыста шамамен 15000 оқушыны құрайды. Ал қалған балалар үшін ата-аналары күніне 550 теңге төлеуге міндетті.

Қостанайдағы әйелдер күштері Альянсының мүшелері облыс көлеміндегі тамақтандыру мекемелерінің жетекшілерінің басын қосып “мектептегі тамақтану мониторингі” жобасын дөңгелек үстел басында талқылады.

Қазір азық-түлік бағалары қымбаттады. Жауапты ұйымдардың алдындағы шарттық мерзім ішінде заң бұзушылықтар болмаған жағдайда, жеткізуші тарап тендер бағасын ұлғайтып, шартты келісімді 5-7 жылға ұлғайтуды ұсынып отыр.

“Әрине, сенімді тұлғалармен жұмыс ауқымын кеңейткен тиімді. Ал баға нарқы төрт жақты келісіммен жүзеге асырылады. Оны басында білім бөлімі белгілеп, тендер алушыларға ұсынады. Оған қызметтік үстемеақы қосылады. Осы тұрғыдан келгенде тапсырыс берушілерден де талап болған абзал. Бағаның өсуіне қарай тағам құрамындағы дәрумендердің қосылып отырғанын мұқият қадағалау керек”, – деді Қазакстан әйелдер күштері альянсының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Римма Бектұрғанова.

Осы жерде екінші бір мәселе туындайды.

“Қазір азық-түлік бағасы 491 теңге десек, ҚҚС есептегенде 550 теңгеден келеді. Оқушылардың мәзірінде жемістер, ет, балық бар екенін ескерсек, 500 теңгеге баланы осы жағдайда үйде де тамақтандыру екіталай. Алдағы уақытта көтерілген мәселелер өз шешімін табады деп үміттенемін”, – дейді жеткізуші Құралай Ерғалиева.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу