Ақылбек Шаяхметтің төрт жаңа кітабы жарық көрді

Ақылбек Шаяхметтің төрт жаңа кітабы жарық көрді

Ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының, Мұхаммед Хайдар дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және «Алтын қалам» жүлдесінің лауреаты Ақылбек Шаяхметтің жаңа кітаптары қалың оқырманға жол тартты.

«Сөз жаздым қалам алып», «Жітіқара», «Үміт. Сенім. Арман» және «Көлеңке» еңбектерінің тұсаукесеріне арналған «Қаламына жыр тұнған» атты кеш Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада өтті. Іс-шараға облыс әкімдігінің өкілдері, жергілікті зиялы қауым, ақынның алыс-жақыннан келген оқырмандары және студенттер қауымы қатысты.

 

             «Жыл басы сіздің бірден төрт кітабыңыздың тұсаукесерімен басталып жатқаны қуанышты жағдай. Ізденісіңізді тоқтатпай, поэзия ғана емес, драматургия, публицистика жанрларында да өнімді еңбек етіп жүрсіз. Былтыр Мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық қазақ драма театрында Ілияс Омаровқа арналған драмаңыз қойылды. Ол да елеулі оқиға болған еді. Бүгінгі тың туындыларыңыз да құнды еңбек. Қаламыңыз мұқалмасын, халыққа ұсынар қазынаңыз сарқылмасын. Шығармашылық шабыт тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құттықтау сөзінде.

Бұдан соң тұсаукесер рәсіміне кезек берілді. Автордың өзі, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, еңбек ардагерлері – Серікбай Бейсетаев, Сәкен Төкенов жаңа кітаптардың лентасын қиды.

Сиясы кеппеген еңбектердің әрқайсысының көтерген өз жүгі бар, жанр тұрғысынан әр алуан. Мәселен, «Жітіқара» аталатын етжеңді кітапта қаламгер дүниеге келген Жітіқара ауданының арғы-бергі тарихы, танымал тұлғалар, еңбегін елеулі азаматтар, сол өңірдің тұмса табиғаты мен қазына-байлығы туралы мәліметтер кеңінен баяндалған.

Бұл жинақ ауданның 90 жылдығына орай жарық көріп отыр.

«Жітіқара –  шекара шебінде Ресеймен арқа тіресіп жатқан өңір. Бұл жақта «Түйтетас» аталатын тас бар. Бауырынан сылдырап бұлақ ағып жатады. Сол біздің көзімізге шекараны күзетіп жатқан үлкен қара нардай елестейді. Бұл да құдайдың шебер туындысы іспетті. Осындай киелі өңірде таңғажайып көріністер аз емес. Жітіқарадан он академик, бес-алты журналист шыққан. Бірақ есімдерін ешкім біле бермейді. Іздеушісі жоқ. Міне, сол кемшіліктердің орнын толтыру үшін осы еңбекті жаздым», – дейді автордың өзі «Жітіқара» кітабы туралы.

Ақылбек Қожаұлының «Көлеңке» атты жинағына әр жылдары жазған 12 пьесасы кірген. Олардың ішінде Оралда, Шымкентте, Қостанайдағы қазақ және орыс драма театрларында сахналанған, республикалық марапаттарға ие болған драмалар бар. Ал «Үміт.Сенім. Арман» – өлеңдер жинағы.

            «Үмітім үзілмесін, сенімге селкеу түспесін, арманым аласармасын деген ниетпен  жазылған. Бұл кірпіштей қалың кітапқа соңғы бес-алты жылда жазған дүниелерім енген. Елордадағы «Шаңырақ» баспасында басылып шықты. Одан кейін «Сөз жаздым қалам алып» деген кітапты шығарудың он жылдай уақыт жолы түспей жүр еді. Мұның ішінде – ел аузынан жиналған материалдар. Араб әрпінен криллицаға аударылған дүниелер, өңірдегі «діндар дәуір әдебиеті» өкілдерінің шығармалары, айтыстар кіргізілді. Осы еңбекті шығаруды ҚМДБ басшылығының алдына қойған болатынмын. Облыстық, қалалық мешіттердің бас имамдарының демеуімен, жанашыр азаматтардың қолдауымен жарық көрді», – деді Ақылбек ағамыз.

«Кейбіреу бағалайды жазушыны, кітаптың әсем болса мұқабасы» деп өзі жырлағандай, ақын бұл туындылар көлемімен, көркемдігімен емес, мән-мазмұнымен құнды екенін, оқырманның игілігіне жарар дүниелерге айналар деген зор үміті барын айтты. Мұқабасына шаң қонып үлгермеген кітаптарынан автор бірнеше өткір өлеңін тебірене оқып беріп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Кешке арнайы келген қаламдас, мұраттас, тілектес азаматтар сөз алып, Ақылбек Қожаұлына жүрекжарды лебіздерін арнады. Көрімдіктерін беріп, сый-сияпат тарту етіп, иығына шапан жапты. Облыстық қазақ драма театрының өнерпаздары, кітапхана жанындағы «Ақ қауырсын» үйірмесінің жас мүшелері автордың драмаларынан үзінді көріністер қойды. Жалынды жастар ақын өлеңдерін жатқа оқып, әуелетіп ән шырқады.

Ақынның осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерінен көрме ұйымдастырылғанын да айта кету керек, қаламгердің бай мұрасынан сөрелердің белі қайысатындай. Мұнда оқырмандарға көңілі қалаған кітапты иеленуге мүмкіндік ұсынылды. Кештен соң көпшілік көрмені тамашалар, шығармаларына қызығушылық танытып, сатып алып жатты. Кезектесіп автормен естелік суретке түсті.

Айта кетейік, Ақылбек Шаяхмет бүгінге дейін 80-ге жуық кітап жазған. Тырнақалды жинағы сонау 1977 жылы жарыққа шығыпты. Шығармалары орыс, ағылшын, өзбек, әзірбайжан, татар тілдеріне аударылған. Соңғы төрт кітабы да өңір әдебиеті мен мәдениетіне қосылған зор олжа деуге болады.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Жаңалықтармен бөлісу