Қызылшаға қарсы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар инфекциясымен күресте оң динамикаға әкелді деп хабарлайды ҚР Денсаулық саулық министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қаңтардың соңғы үш аптасында науқастар санының төмендеуі байқалды. Қаңтар айында сырқаттанғандардың қатары өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда ел бойынша 8%-ға төмендеген.
Елімізде төрт жасқа дейінгі балалардың жетпіс пайызы егілген. Жалпы республика бойынша миллионнан астам халық вакцинацияланды. Бұрын егілмеген 27 мыңнан астам адамға шұғыл вакцинациялау шаралары жүргізілді.
Министрлік барлық жағдайы ауыр балаларға мониторинг жүргізеді. Қажет болған жағдайда республикалық деңгейдегі түрлі мамандарды тарта отырып, телемедициналық консультация өткізеді. Вакцина алмаған жағдайда, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдауды ұсынады. Егер аурудың белгілері пайда бола қалса, уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.