Басты мақсат – Қостанайдың сәулетін де, дәулетін де арттыру default

Басты мақсат – Қостанайдың сәулетін де, дәулетін де арттыру

Қостанай қаласын дамыту – зор қажыр мен мол қаржыны талап ететін жұмыс. Өйткені шаһарды шырайландырып, тіршілігін шыр айналдыру үшін көп олқылықтың орнын толтыру керек. Кезек күттірмейтін мәселе аз емес. Көзге көрініп, сөзге ілініп отырған түйткілдерге қатысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов қадау-қадау тапсырма берді.

Қостанай өндіріс орталығына айналуға тиіс

            Жиын қала әкімі Марат Жүндібаевтың ауқымды баяндамасымен басталды. Ол облыс орталығының өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық ахуалы, тұрғындар жағдайын жақсарту үшін атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Оның мәліметінше, қала қазынасының кірісі ұлғайып, өнеркәсіп, өндіріс өнімдері, инвестиция көлемі арта түскен.

            «Қалада 104,3 млрд теңге инвестиция қаржысына 34 жоба іске асырылды. Үш мың жұмыс орны құрылды. Былтыр жалпы құны 60 млрд теңге болатын 12 жоба басталды. Бұлардың қатарында зауыттар, фабрикалар, ірі өндіріс орындары бар. Қазір Индустрияландыру картасы аясында тағы төрт жоба жүзеге асу үстінде. Мұның сыртында, құны 461 млрд теңге болатын 21 жобаны іске қосып, 6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Қазір Индустриялық аймақтың аумағын кеңейту жұмыстары басталғанын да айта кету керек», – деді қала әкімі.

Қолға алынған жобалардың әрқайсысын санамалап өткен облыс әкімі Қостанай машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығына айналуы керек екенін айтты. 2025 жылы тек машина жасау саласында 5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ал, жалпы, былтыр қалада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғая бермек.

 

Құрылыс қарқынды, бірақ…

Облыс орталығы ажары кіріп абаттанған, өркен жайған, өмір сүруге жайлы қалаға айналуы керек. Осы мақсат жолында атқарылып жатқан жұмыстар, алға қойылған жоспарлар көп. Солардың ішіндегі ең маңызды салалардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Қарқын жөнінен «қамшы салдырмай» келе жатсақ та, әлі түзелуге тиісті кемшіліктер баршылық.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың баяндауынша, былтыр 332,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Таяу арада Әуежай шағын ауданында көп қабатты бір үйді ел игілігіне беру және тағы үш үйдің құрылысын толығымен аяқтау көзделіп отыр.

«Береке, Қонай шағын аудандарында да баспана құрылысы, инженерлік коммуникация тарту, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қонайда былтыр 55 жеке тұрғын үй құрылысы басталған. Оларды биыл аяқтау жоспарда бар. Тағы коттедж үлгісіндегі бір қабатты 69 үй салуға қаражат бөлінді», – деді М.Жүндібаев.

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатқанымен, сапа жағынан олқылықтардың бар екенін тілге тиек етті. Айта-айта жауыр болуға айналған мәселені мықтап қолға алатын кез келгенін айтты ол.

«Таяуда ғана Әуежай шағын ауданының тұрғындарымен кездестім. Олар жаппай үй құрылысының шалалығына шағым айтты. Мәселе орнықты мүлікті қабылдау кезеңінде туындайды. Жауапкершілік мердігер мен техникалық қадағалау мамандарының мойнында. Жобалаушылардың, мердігерлердің жұмысын тексеруде олқылықтар бар. Құрылысшылар мен теникалық қадағалаушылармен қалай ым-жымдасатынын жақсы білеміз. Өкініштісі, көзжұмбайлық тыйылмай келеді. Ақшасын алып отырып, жұмысқа атүсті қарау деген не масқара», – деді Қ.Ақсақалов.

Облыс басшысы нысанды қабылдау кезеңінде тапсырыс беруші тараптың қырағылық таныту керегін айтып, олқылық байқалса, мақұлдаудан өткізуге тыйым салынатынын нықтап айтты. Ол бұл процеске білікті қоғам өкілдерін көбірек қатыстыруды ұсынып отыр. Тағы бір жиі айтылып жүрген мәселе – жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану үлесін арттыру. Қазір Қостанайда олардың 12 түрі өндіріледі. Сөйте тұра, құрылыс жұмыстары кезінде материал тапшылығы шамадан тыс көбейеді.

«Мәселен, бізде өндірілетін кірпіш көлемі сол маусымдағы құрылыс нысандары сұранысын толық жабуға қауқарсыз. Бюджеттік нысандар құрылысына жыл сайын 30 млн данадай астам кірпіш қажет. 155 шаршы метр темір-бетон өнімі керек. Облыста құрғақ қоспа, табақ шыны және басқаларының өндірісі жоқ. Басқа өңірден, шетелден әкелеміз. Сондықтан жергілікті зауыттар өндіріс көлемін арттыра түсуі керек. Басқа құрылыс материалын өндіруге ниетті кәсіпкерлердің бастамасын қолдауға дайынбыз», – деді өңір басшысы.

Ол келтірген сараптама дерегіне сәйкес, біздегі мердігерлік конкурстардың денін өзге өңір ұйымдары ұтып алады. Жергілікті құрылыс компанияларының жайбасарлығы сынға ілігіп отыр. Қостанайлық ұйымдардың үлес салмағы 15%-дан аспайды. Бұдан былай оларға жол ашу, ақпараттандырып отыру қолға алынбақ.

Бой түзеп жатқан ғимараттардың архитектуралық келбеті де келісті болуы керек. Қазір, шынында да, бірінен бірі аумайтын қызыл кірпішпен өрілген нысандар көбейіп барады. Бұл да өңір басшысының назарынан тыс қалмады.

«Құрылысшылар соңғы технологияны қолдануы қажет. Әлемдік тенденциялар ескеріле отырып, әр жаңа ғимаратта заманауи архитектуралық және дизайнерлік шешімдер көрініс табуға тиіс. Тұрғын үйлердің астыңғы қабатында әлеуметтік, мәдени-сауықтыру нысандары болуы керек. Балкондар шыныланып, көлік тұрағына, демалыс, серуенге көп орын берілуі шарт. Ал қазіргі ғимараттарға көз салайықшы. Мынадай төртбұрышты қораптарды қашанғы қаптатып сала береміз? Ешқандай жаңашылдық жоқ. Сергек көзқарас керек емес пе! Бұл шығындарды ұлғайтатынын түсінеміз. Бірақ мұны да пысықтауға, көмектесуге дайынбыз», – деді ол.

Өңір басшысы үй аулаларын тығыз салмау және абаттандыру мәселесіне айырықша ден қою керегін де ескертті. Қостанайда 523 аула болса, соның 60% ғана талапқа сай екенін, сондай-ақ аулаларға арзан алаң салуды да доғаратын кез келгенін айтты.

 

Қала сәні – тазалық пен тәртіп

Қостанай елдегі таза қалалардың қатарында. Алайда шаһардың шырайын бұзатын кемшіліктер де жоқ емес. Солардың бірі – көшелердің көркін қашырып тұрған алабажақ, жалбыраған жарнамалар мен бейберекет ілінген банерлер. Әсіресе, адам аяғы арылмайтын қоғамдық орындарда қырық жамау жарнамадан көз адасады. Облыс әкімі мұны да бір тезге салу керегін сөз етті.

«Көптеген көшеден мұндай бейберекет «шығармашылықтың» сан-алуан түрін көріп жүрміз. Көзге түрпідей көрінеді. Белгілі бір тәртібі, реті болуы керек қой. Жарнамадан көрінбейтін ғимараттар стиль жағынан бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Тым болмаса, артық маңдайшаларды алып тастау қажет. Білеміз, қала әкімдігі дизайн-код жасады. Бірақ оның қазір Әл-Фараби даңғылы мен А.Байтұрсынұлы көшесіне ғана қатысы бар. Бұл тәжірибені кеңінен қолдану қажет. Әлбетте, бұл – кезең-кезеңімен жүзеге асатын жұмыс. Бірақ жаңа нысандарды ашар кезде осы оғаштықтарға жол бермеу қатаң ескерілуі керек», – деген сын айтты Құмар Іргебайұлы.

Бұдан бөлек, қала ішінде, бірнеше көшеде жасарту үшін күзелген зәулім ағаштар жерге қаққан сырықтай болып, көзге қораш көрініп тұр. Өңір басшысы оларды көпшілікке слайд арқылы көрсеттіріп, бұл көрініс туралы наразылық пікірін айтты.

«Мыналар, бар болғаны, бір де бір бұтағы қалмаған томар ғана ғой. Бұлай қырқып тастаудың ағашқа да пайдасы жоқ, көше көркін де құртып тұр. Талдарға мұндай «жанашырлық жасауды» тоқтату керек деп есептеймін. Одан да жаңа көшеттер отырғызуға көп көңіл бөлу керек. Оған қаражат та аз бөлініп жатқан жоқ. Биыл көгалдандыруға 434 млн теңге жұмсалуға тиіс. Қала ішіне көгал егу көлемін де ұлғайта түсу керек», – деді Қ.Ақсақалов.

Биыл Ауыл шаруашылығы институты ауданындағы саябақ аймағын абаттандыру жоспарланып отыр. Ағаштар мен бұталар отырғызылып, жиектас төселіп, архитектуралық пішіндер орнатылып, спорт және балалар алаңы, гүлзарлар ашылады. Орталық саябақты, Гашек көшесіндегі жағалауды жан танымастай өзгерту де осы жылдың жоспарына енген.

Басқа да жөндеу көретін нысанның саны көп. Мәселен, облыс орталығындағы жиырма субұрқақтың былтыр алтауы жөнделген. Биыл тағы тоғыз фонтан жаңартылады. Сондай-ақ Тобыл өзені үстінде жүзетін субұрқақ салынбақ. Оны қостанайлықтар алдағы жылы тамашалай алады. Тобыл өзені арнасын тереңдету және тазарту жұмыстары да жалғасады. Оған биыл 5,3 млн теңге жұмсалады.

Айта кетейік, былтыр Қостанайда 1,4 млрд теңгеге көп қабатты 32 тұрғын үйге жеңіл және күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл олардың қатарына тағы 16 ғимарат қосылғалы отыр. Мұның сыртында, осы жылы 30 үйдің қасбеті жаңартылады. 72 ауланы жөндеу жұмыстары басталып, әрқайсысында шағын саябақтар салынады.

Р.S. Биыл Қостанай қаласының құрылғанына 145 жыл толады. Аталмыш мерейтойға дайындық басталып та кеткен. Жұрт асыға күтетін ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралардан бұрын, ару қаланың ажары меншікті мерекесіне сай болуға тиіс. Жергілікті басшылық барлық жоспарлы жұмысты шілде айына дейін толық аяқтауға, шаһардың сәулеті мен дәулетін асыруға уәде беріп отыр.

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу