Жыл озған сайын елді мекендерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артып келеді. Биыл бұл көрсеткішті 90% -ға жеткізу көзделген. Енді екі жылдан соң облыста ауыз су мәселесі толық шешіледі дейді облыс басшылары. Өткен жылы 69 жобаны іске асыруға қазынадан 21,1 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында төрт қала мен жиырма екі ауылға су құбыры тартылып, тұрғындар ауыз суға қарық болды. Он ауылға алғаш рет орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Бұл елді мекендерде шамамен алты мыңға жуық адам тұрады.
Мәселен, Қарабалық ауданындағы бес жүз үйлі Станционный ауылының тұрғындары көп жылдан бері суды тасып ішетін. Кейбіреуінің ауласында құдығы бар. Бірақ, оның суы ішуге жарамсыз. Тек, мал, бау-бақша суаруға пайдаланады. Бұдан былай шалғай ауылдағы ауыз су мәселесіне түбегейлі нүкте қойылғалы тұр. Яғни, талай жыл тасымал суға күндері қараған жергілікті жұрттың алдағы күннен үміті зор.
“Ауыл ішіндегі су таратушы торап салынып бітті. Қазір үйлердің 40%-ына құбыр жеткізілген. Енді бәріміз соны іске қосу сәтін тосып отырмыз”, – дейді Станционный ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жақаев.
Әзірге, құрылыс нысанының ұсақ-түйек жұмыстары қалған. Оны әрі кеткенде бір айдың көлемінде аяқтаймыз деп отыр мердігерлер. Айтпақшы, былтыр ауданда бұдан басқа Новотроицк ауылына да орталықтандырылған су желісі тартылса, тағы екі ауылға су тазарту, тарату пункті орнатылды.
Сондай-ақ, Боскөл, Лесное, Михайлов ауылдарында су тазартатын құрылғылар іске қосылмақ. Бұған 4 млрд теңгедей қаржы қарастырылған. Егер осы айтылған жобалар толық жүзеге асса, Қарабалық ауданының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз көрсеткіші 79%-дан 90%-ға дейін артпақ.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Қарабалық ауданы