Арқалықта үш күн іздестірілген адам табылды 

Арқалықта үш күн іздестірілген адам табылды 

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 50 адамнан тұратын топ  үш күн бойы іздеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Олардың еңбектері ақталып, тұрғын тірі табылды.  Ауа райы іздеуге кедергі келтіргендіктен, квадрокоптердің де көмегі көп тиді.

Із-түссіз жоғалған адамды іздеу үшін Астана қаласынан арнайы тікұшақ келді.

Бүгін кешкі сағат 9 шамасында Арқалық қаласы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Д. Б. Тұрғанов жоғалып кеткен азамат Талғат Батырбекұлы Кенжиннің Восточный ауылынан шамамен 3-4 шақырым жерден табылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта ол Арқалық ауруханасына жеткізілді. Денесінің бірнеше бөлігін үсік шалған, гипотермиялық синдром белгілері бар. Екінші-үшінші дәрежелі үсік шалу диагнозы қойылған науқас “Арқалық өңірлік ауруханасы” КМК реанимациялық бөлімшесіне ауыр жағдайда жатқызылды.

Іздестіруге барлығы ҚР ТЖМ МИ-8 тікұшағы, ТЖД (18 л/с және 3 техника, 1 квадрокоптер), ЖАО (15 адам), “Алтай жер” ШҚ (10 адам және 2 техника), “Игілік” ШҚ (2 адам және 1 техника К-700) және еріктілер (15 адам, 2 қарда жүретін көлік) жұмылдырылды.

Жаңалықтармен бөлісу