Қостанайлық кәсіпкерлер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ауыл” партиясы фракциясының өкілі Аян Зейнуллинмен кездесті. Басқосуда облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен Қазақстан фермерлерінің ірі аграрлық қауымдастықтары күш біріктіріп, АӨК саласын дамыту жөнінде бірлескен ұсыныс енгізді.
“Қазақстан фермерлер қауымдастығының” Қостанай филиалының төрағасы Марат Ахметов мұндай диалогтың маңыздылығын зор екендігін айтады. Өйткені, мшешімін күткен проблема шаш-етектен.
“Негізі салада қордаланған мәселе аз емес. Айталық, тұрақты негізде субсидиялау, АӨК саласын реттейтін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, күнбағыс тұқымына экспорттық баждың күшін жою, ақбөкендердің көші-қоны және т.б. мәселелер күн тәртібінен түспей тұр”, – дейді Марат Ахметов.
Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин аталған мәселенің барлығы ҚР Үкіметінің назарында болатынын айтып, АӨК саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
“Ең алдымен, мен киіктердің егінге келтірген зияны туралы айтайын. Он төрт елдің қатысуымен өткен практикалық конференцияда ғылыми қоғамдастық бұл мәселені шешудің түрлі жолын ұсынды. Олар егін егуден зардап шеккен өңірлерге барып, ақбөкеннің популяциясына қауіп төндірмейтініне және оның саны қажетті нормадан асып түсетініне көз жеткізді. Ғалымдар киік санын ату арқылы реттеуге болады және жергілікті қоғамдастық мұны жасай алады деген сенімде отыр”, – дейді Мәжіліс депутаты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Табиғи сипаттағы ТЖ салдарынан келтірілген залалды өтеу қағидаларының жобасы әзірленді. Енді оны шұғыл қабылдау қажет. Ақбөкендер популяциясын реттеу нормалары да әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ, депутат елде аграрлық банк құру белсенді түрде пысықталып жатқанын және екінші оқылымда фермерлер үшін маңызды “жайылым туралы”заң жобасы егжей-тегжейлі талқыланып жатқанын хабарлады. Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин облыс аудандарынан келіп түскен сұрақтарға да жауап берді.
Аграрлық қауымдастықтар халық қалаулысына өткен жылдың ауа-райына байланысты туындаған дағдарысты еңсеруге көмектесетін оннан астам ұсыныс айтты. Оның ішінде АӨК саласын қаржыландыру мәселесі де бар.
“Өздеріңізге мәлім, былтыр еліміздегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін өте күрделі жыл болды. Көп шаруа содан зардап шекті. бұл енді үлкен сабақ болғаны даусыз. Көктемде кезекті егіс науқаны басталады. Оған әзірлік қандай? Тұқым, жанар-жағар май, техника бар ма, осы мәселелерді бірігіп талқыладық. Келесі аптада Парламент қабырғасында өтетін отырыста форфардтық сатып алуды ұлғайту туралы депутаттық сауал жолдаймын. Өйткені, салаға қаржы бөлмесе, ертең біз көп нәрседен айырылып қаламыз. Яғни, Үкіметтің қолдауы қажет. Сондықтан, өңірлерде шаруалармен кездесіп, олардың талап-тілегін, ұсыныстарын тыңдадым”,– дейді Аян Зейнуллин.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев палата жанындағы осындай салалық кәсіпкерлер кеңестері өз тиімділігін дәлелдегенін айтады. Онда бизнес өкілдері Парламент депутаттарымен, Үкімет мүшелерімен және мемлекеттік органдардың басшыларымен бір стол басында өз проблемаларын тікелей талқылайды.
Әлібек ЫБЫРАЙ