Құрметті отандастар!

Құрметті отандастар!

Сіздерді жаңа 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Дәстүр бойынша біз осынау сәтте өткен жылды таразылап, жаңа күнге жарқын жоспарлар құрамыз. 2023 жыл барлық қазақстандықтар үшін ауқымды экономикалық және әлеуметтік міндеттірді орындау, мемлекеттік аса маңызды бағдарламаларды жүзеге асыру және мемлекеттің индустриалды-инновациялық дамуын одан әрі жетілдіру жолында айшықты қолтаңбасын қалдырды. Қазақстан тәуелсіздіктің 32 жылында экономикасы дамыған, халықтың әлауқаты артқан, қуатты мемлекетке айналды.

Облысымыз үшін де өткен жыл жақсы табыстар мен жетістіктерге қол жеткізу мүмкіндігін берді. Біз экономиканың тұрақты, қарқынды дамуын және әлеуметтік мәселелерді шешуді біршама жақсарттық. Облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 46%-ке артты. Былтыр облыс бюджеті 441 млрд теңге болса, биыл 644 млрд теңгені құрады. Жыл аралығында автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендерді абаттандыру, су желілерін жаңғырту және білім, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауқымды экономикалық жобалар іске асырылды.

Біздің осы жетістіктеріміз алдағы жылда да дәстүрлі жалғасын табатынына, болашақта міндеттерімізді абыроймен орындайтынымызға кәміл сенемін.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, біздің алдымызда қуатты экономикалық серпіліске қол жеткізу міндеті тұр. Негізгі назар өңдеу секторының жедел дамуына аударылуы керек. Біздің облыстың өңдеу өнеркәсібінде машина жасауда, сондай-ақ азық-түлік өндірісінде ең үлкен өсім байқалады.

Әрбір азамат жаңа күнде жақсылықтан үмітті. Ендеше, барша үміттер орындалсын. Жаңа жыл – баршамызды жаңа жетістіктерге, жаңа батыл қадамдарға бастасын! Елдігіміздің тұғыры берік, ынтымағымыздың ырысы шайқалмасын!

 

Құрметті жерлестер!

 

Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры қашанда берік, туы биік болсын! Мереке құтты болсын!

 

Құрметпен, Қостанай облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Ещанов

Жаңалықтармен бөлісу