Қостанайда еліміздің Алтын кітабына енген сегіз қырлы дәрігер тұрады

Қостанайда еліміздің Алтын кітабына енген сегіз қырлы дәрігер тұрады

Қостанай облыстық ауруханасының рентген, компьютерлік томография дәрігері Жомарт Батырханов Қазақстанның Алтын кітабына енген маман. Онымен қоса бас рентгенолог. Оның қырағылығының арқасында нақты әрі дұрыс диагноз қойылады. Сондықтан еш қателесуге құқы жоқ. Айнаға түсірілген адам ағзасына қарап отырып, дәлдікпен қорытынды жазады. Оны күтіп отырған өзге дәрігерлер ем береді.

            –Негізі дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен қуанышы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкiл өмірін арнайтын ақ халатты абзал жандар қаншама. Мен де осы жолды таңдадым. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді ел игілігі жолында жұмсап келемін. Науқастармен сөйлесіп, әрдайым олардың көңіл-күйін бағамдаймын. Заман талабына орай медициналық көмек көрсетуге тырысамын. Елдiң денсаулық сапасын арттыруға барынша үлесiмдi қоссам деймін, – дейді ол әңгіме барысында.

Науқастың диагнозы білінетін болса, 90 пайыз ол азаматтың емі дұрыс болды деген сөз. Ол қатерлі ісік, туберкулез, бастағы түрлі аурулардың алдын алуға да мүмкіндік береді. Мысалы туберкулезді анықтайтын болсақ, оның таралуына жол бермейді. Ал қатерлі ісіктің бастапқы кезеңін анықтайтын болсақ, науқастың өмір сүру сапасы жақсарып қоймай, өмірі ұзарады.

            –Бір жолы инсульт алған науқас емделді. Басын түсіріп болған соң кеуде қуысын да қосымша түсірейінші деп шешім қабылдады. Бірақ ол міндетті емес еді. Сол өкпе түсірілімін ұзақ қарап отырып, енді ғана басталып келе жатқан қатерлі ісікті байқап қалдым. Күдіктеніп, одан әрі емделу қажет екенін ескерттім. Осының арқасында ем жасалып, онкологиялық асқыну болмады, – дейді дәрігер.

Жомарт Оразбекұлының жакындарына, ағайын-туыстарына деген сүйіспеншiлiгi, достарына деген құрметі, алдына ем iздеп келген науқастарға деген ыкылас-ниеті, адалдығы ерекше. Әрiптестерінің арасында беделi биiк. Оның жұмысына деген жоғары жауапкершілігiнен, еңбекқорлығынан бүгінгі жас мамандар өнеге алып келедi. Мiнезiнiң ерекшелігі – адамның көңіл кілтін таба бiледi.

Өзі бала кезден дәрігер болуды армандапты. Астана қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, «Фельдшер» мамандығын алып шыққан соң сонымен тоқтап қалмай, білім ала жүріп, жетілдіру мақсатында түрлі медициналық оқулықтарды ізденіп жүрiп оқиды. Жан-жақты ізденуінің арқасында Астана медицина университетіне оқуға түсіп, Қарағанды мемлекеттік университетіне ауысып барып, жоғары білімін сонда алып шығады.

Астана медицина университетінде «Сәулелі диагностика» бойынша резидентурадан өтіп, №2 қалалық балалар ауруханасында қызмет атқарады. Білікті маман өзiнiң ұжымында асқан еңбекқорлығымен, адалдығымен, шынайылығымен көзге түсіп, мақтау естіп, емделушiлерден алғыс ала бастайды. Жан-жақты ізденіспен жүретін, жаны жаңалыққа құмар Жомарт Батырханов рентген, аппараттарында жұмыс жасауға тәжірибе жинады.

            – Дамуды көздейтін адам да, мемлекет те сыннан сабақ алуға талпынады емес пе?! Әлемді жаулаған пандемия елiмiзде өршіген сайын, медицина ғылымын дамытуға лайықты көңіл бөлмегенiмiз көрiне бастады. Әлдебір зерттеусiз нақты нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Компьютерлік томография маманы ретінде бүгінгі күнi жүйелi жұмыс жасап келемін. Жауапты салаға бала күннен кызығушылық таныттым. Қолға алған әрбір істе адал, ілім-білімге, iзденуге, кітап оқуға құштар болуды үйреткен ата-анама, еңбекте, өмірде өзіме үлгілі жол көрсетіп келе жатқан аға-мамандарға айтар алғысым шексіз, – дейді Жомарт Оразбекұлы.

Техника мен технология заманында жыл сайын емес, тіпті күн сайын өзгерістер орын алып отыратынын ескерер болсақ, бұл ретте кейіпкеріміз заманға ілесе отырып, өзінің білім-біліктілігін көтеріп отырады. Кейіпкеріміз саяхаттағанды қатты ұнатады. Қазіргі уақытқа дейін еліміздің барлық өңірінде болған. Отбасымен бірге шет елдерге саяхаттауға да жиі шығады. «Әу» демейтін қазақ жоқ» дегендей, ол қазақтың қара домбырасында ойнайды. Аздап өлең айтатыны да бар. Бала кезден бергi серiгi кiтап окып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады. Арманы өзі істеп жатқан саласын әлі де меңгере түсіп, қолындағы аппараттардың дамыған түрін алсақ дейді.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу