Ауыл және ауылдық округ әкімдері сайланды

Ауыл және ауылдық округ әкімдері сайланды

Мемлекет басшысының ұсынысымен 2021 жылдан бастап елімізде әкімдерді бұрынғыдай билік тағайындамай халық сайлай бастады. Кезең-кезеңді қамтитын сайлаудың бұл жаңа үрдісі барлық деңгейдегі әкімдерді қамтиды. Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңына сәйкес, Арқалақ қаласына қарасты     1 ауылдық округ және 2 ауыл әкімдерінің кезектен тыс сайлауы өтті. Арқалық қаласы Родина ауылдық округі, Көктау және Восточный ауылдары әкімдерін сайлау нәтижесі туралы учаскелік сайлау комиссияларының хаттамасы негізінде сайлау қорытындылары белгілі болды.

“Сайлау күнтізбелік жоспарға сай өткізілді. Оған 1 орынға 3 адамнан барлығы 9 үміткер қатысты. Үміткерлердің 8-і өзін-өзі ұсынып, 1-і «AMANAT» партиясының атынан түсті. Сайлау заңына сай кандидаттардың бәріне бірдей тең мүмкіндіктер беріліп, белгілі бір уақытта өздерін танытуға толық мүмкіндіктер жасалды”, – дейді Арқалық қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арыстан Айтмағамбетов.

Сайлау нәтижесінде, Родина сайлау округінің сайлаушылар тізіміне  1573 азамат енгізілді. Қорытындысында  827 дауыспен (75,8%) Родина ауылдық округінің  әкімі болып Ж.Мұханбетжанов сайланды.

Жандос Болтайұлы 1990 жылы туған. Сайлауға дейін Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы болған. Тұрғылықты жері  Арқалық қаласы. «AMANAT» партиясынан ұсынылған.

Көктау сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 121 азамат енгізілді. Қорытындысында  91 дауыспен (81,3%) Көктау ауылының әкімі болып Н.Қабденов сайланды.

Нұрболат Ғабиболлатұлы 1991 жылы туған. Сайлауға дейін Көктау ауылы әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарған. Тұрғылықты жері Арқалық қаласы. Өзін-өзі ұсынған.

Восточный сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне  597 азамат енгізілді. Қорытындысында  387 дауыспен (83,8%)Восточный ауылының әкімі болып Д.Жағыпаров сайланды.

Дархан Нәбиұлы 1990 жылы туған. Сайлауға дейін Үштөбе ауылы әкімі аппаратында бас маман болды.Тұрғылықты жері Арқалық қаласы. Өзін-өзі ұсынған.

Осылайша, биыл арқалықтықтар 8 ауыл және ауылдық округтердің әкімдерін жаңа үрдіспен сайлап алды. Арқалық қалалық сайлау комиссиясының жоспары бойынша келер жылы 1 ауыл әкімін сайлаудың кезегі келіп тұр.

 

Мұрат Жүнісұлы

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу