Түн ортасында “101” пультіне Қостанай қаласы Абай даңғылындағы жеке үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Қостанай қаласы № 6 өрт сөндіру бөлімінің мәліметінше, төрт пәтерлі жеке сектордан өрт шығып, 70 шаршы метр аумақты шарпыған. Жанып жатқан пәтердің ішінде үй иесі қарт адам болған. Апатты аумаққа 3 бірлік техникасы мен 9 адам жұмылдырылып, зардап шеккендерді іздеуге кірісті. Үйге бірінші болып бөлімше командирі Ержан Тұралин кірді. Ол газ баллонының жарылуы салдарынан соққы толқынының күшін өзіне қабылдап, сол қолынан жараланды, жанындағыларын одан жасырмақ болды…
“Өрт болған жерге өзіміздің бөлішемізбен жиналып келдік. Жанып жатқан үйді дереу сөндіруге кірістік. Үйдің иесі әйел адамның үйде қалып қойғаны белгілі болды. Қарауыл бастығының бұйрығымен осындай мақсаттарға арналған арнайы тыныс алу аппаратымызды киіп, сол кісіні іздеп табу үшін жанымдағы екі әріптесім бар шұғыл қимылдадық. Бөлімше комондирі ретінде апатты аумаққа бірінші болып кірдім. Асынған оқпандарымызбен өзімізге жол салып келе жатқанда жарылыс болды. Ол кезде әріптестерім әлі кіріп үлгірмеген еді”, – дейді Ержан.
Болған жағдайға қарамастан, қарауыл бөлімше командирін дәрігерлерге тапсырып, зардап шеккендерді іздеуді жалғастырды. Аға лейтенант Талғат Жаңбыршин бастаған қарауылдың құрамы үй иесінің жансыз денесін тауып, дәрігерлерге тапсырады. Жол бойында тағы үшеуі өрттен шығарылады. Осылайша жарылғалы тұрған газ баллондары зарарсыздандырылып, іргелес жатқан үш пәтердің жойылуына жол берілмеді.
Өрт 2 сағаттан кейін толығымен сөндірілді. Мейрам Қадралинов, Айбат Менжібекұлы, Ғани Мәрденов, Серік Жұмашев, Жасұлан Жұматов, Жұмахан Негметжанов, Ренат Сартаевтар Ержан мен Талғаттан басқа осы бір мазасыз түннің кейіпкерлері болды.
Келесі күні Қостанай қалалық ауруханасында ем қабылдап жатқан Ержанға облыс әкімі Құмар Ақсақалов барды. Гарнизонның барлық құтқарушыларына табандылығы мен кәсібилігі үшін ризашылығын білдірді.
“Төтенше жағдайлар департаментінің аға сержанты Ержан Тұралин – бүгінгі күннің батыры. Төтенше жағдай қызметкері Қостанайда жанып жатқан үйден үш газ баллонын шығарып, төрт пәтердің 16 тұрғынын және әріптестерін апаттан құтқарды.
Газ-түтіннен қорғау қызметінің буынын басқарған жауынгер газ баллонының жарылыс екпінін өз денесімен жауып, ерлік көрсетті. Ол бұған дейін де 6 жасар қызды өрттен құтқарып көзге түскен еді. Оның ерлігі – өзгелерге үлгі. Жарайсың, Ержан!”, – деді облыс әкімі.
ТЖ департаментінің басшысы Қайрат Қасымның айтуынша, құтқарушылар үшін мұндай ерлік күнделікті құбылыс. Өткен жылы ғана Ержан Әулиекөлдегі және 9 қабатты үйдегі өрт кезінде 6 жасар қызды құтқарғаны үшін ТЖ Министрінің атынан екі рет марапатталды. Полковник қазір Ержан Тұралинге мемлекеттік наградаға, ал басқаларына министрдің атынан марапаттауға ұсыныс дайындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ерліктің әрбір фактісі сыйлықақы төлемдерін тағайындау кезінде ескерілетін болады.