Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі – білікті мамандар шеберханасы

Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі – білікті мамандар шеберханасы

Сапалы білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады. Баланың санасына ілімді сіңіртетін тұлға – ұстаз. Осы тұрғыдан алсақ, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің қазақ тілінде бастауыш мектеп мамандарын даярлап келе жатқанына ғасырға жуықтады. Қостанай облысында өзіндік орны бар білім ордасы елімізге де танымал. Айталық, тек Рудныйдағы жеті мектептің директоры және білім ордаларындағы мұғалімдердің басым бөлігі осы колледж түлектері.    

Тарихы тереңде

          Білім ордасы турасында тарқатып айтар болсақ, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі өзінің бастауын 1940 жылы Меңдіқарада ашылған педагогикалық училищеден алады. 1940 жылғы 27 қаңтарда Меңдіқара ауданының Боровской ауылында орналасқан қазақ орта мектебі базасында Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесі құрылды. Училищеге  1949 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Арада отыз бес жыл уақыт өткен соң 1974 жылы педучилище Рудный қаласына көшірілді.

          Кеншілер кентіне ауыстырылған соң 2000 жылы Рудный педагогикалық колледжіне “Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі” мәртебесі берілді. Дәл сол жылы колледж тізгінін Досмағұл Есләмұлы Сүймеков қолға алады. Білікті басшы өзі де Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесінің түлегі. Қара шаңырақты 25 жыл басқарды.

Бүгінде колледж 7 мамандық, 8 біліктілік бағытында маман даярлайды. Атап айтқанда, “”Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі”, “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту”, “Бағдарламалық қамтамасыз ету түрлері” және “Дене тәрбиесі және спорт” сынды мамандықтарды оқытады.

          – Колледж сапалы білімімен, өзіндік қалыптасқан дара жолымен құнды. 83 жыл ішінде кәсіби шеберлікке шыңдалған сан мыңдаған түлектерді ұясынан ұшырды. Атап айтсам, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеміс Тілеуғабылұлы Мұстафин, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Манаш Қабашұлы Қозыбаев, ғалым-антрополог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Ысмағұлұлы Ысмағұлов және бастауыш сынып мұғалімі, облыстағы мұғалімдер арасындағы жалғыз Социалистік Еңбек Ері Нина Гавриловна Полтавец, ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Рәбиға Тәуірбайқызы Мендекинова сынды беглігі ғалымдар шыққан, – дейді колледж директоры Жомарт Құсайын.

Қазіргі басшы Жомарт Қоңырбайұлы да өзі басқарып отырған колледждің түлегі. Қызметке жас келсе де, өзін білікті маман, шығармашылықпен етене жақын жұмыс істей алатын шын педагог-басшы ретінде танытып келеді. Ол колледжі 2012 жылдан бері басқарады.

          – Қазіргі кезеңде колледж заман талабына сай, қарқынды дамып келеді. Жақсы маман даярлау жолында, оқу орнында білікті мамандар қызмет атқарады. Білім беру жүйесін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін модель әзіргенген. Бұқаралық және мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған мәжіліс залы, мұражай, кітапхана жұмыс істейді. 180 орындық студенттер жатақханасы бар. Президент тапсырмасына сай кәсіптік білім саласының студенттері тегін оқиды. Ұжымда 100-ден астам қызметкер бар. Оның ішінде 30 пайызы колледж түлектері, – дейді колледж директоры.

 

Заман талабына сай

          Рудныйда 21 мектеп, 16 бала бақша бар. Колледж білім нысандарымен әлеуметтік серіктестік байланыс орнатқан. Студенттер өндірістік тәжірибеден осы мекемелерден еркін өте алады.

          – Алдағы жылдан бастап “Қазақ филологиясы”, “Ағылшын тілі” және “Информатика” мамандарын даярлайтын біліктілік ашуды жоспарлап отырмыз. Аккредиттеу орталығынан өттік. Осылайша барлық педагогикалық бағыттағы маман әзірлейтін боламыз. Заман көшінен қалмай материалдық-техникалық базамызды жаңартып жатырмыз. Бұрын қаржы жалпы бөлінетін, соңғы үш жылда жан басына қаржы бөлу әдісіне көштік. Ол бізге кітапхананы әдебиеттермен толықтыруға, коммуналдық шығындарды өтеуге тағы қажетті жұмыстарды іске асыруға мүмкіндік береді, – дейді Жомарт Қоңырбайұлы.

Жоғары білікті санаттағы арнайы пәндер оқытушысы Зибагүл Жұматаеваның ғылыми-теориялық деңгейі жоғары. Колледж түлегі, өзі оқыған білім ордасына ұстаздыққа тоқсаныншы жылдардың басында кеген. Мұғалім көптеген пәндерден оқу-әдістемелік оқулық әзірлеген.

          – Болашақ балаларды оқытатын мұғалімдерді даярлау жауапты іс деп қараймын. Бүгінгі студент, алдағы кәсіби маман. Өз алдына педагогикалық  міндеттерді қоя білетін, бәсекеге қабілеті шығармашылық тұрғыдан зерек адам ғана білікті маман атанады. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Зибагүл Жұматаева.

Бастауыш білім беру мамандығының 3-курс студенттері Айдана Иниет пен Айжамал Қаланбекова болашақ мектеп ұстаздары.

          – Колледж бітірген бастауыш сынып мұғалімдері облыстан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінде адал қызмет етіп жүр. Біздің оқу орын үшін ол үлкен абырай. Бізде алдыңғы қатарлы аға-апалар тәрізді білікті маман атанғымыз келеді, – дейді А.Иниет.

Айжамал білім ордасында оқып жатқанын мақтан тұтады. Мұнда сапалы білім беретін білікті ұстаздар құрамы бар екенін айтады.

          – Мұнда озық педагогикалық бағыт теориясын меңгердік. Мектептен тәжірибеден өтіп, жетілдіру жатырмыз. Мұғалімдерге қойылатын талап жоғары. Жаңа педагогикалық технология пәнінен қазіргі заманғы білім беру әдіс-тәсілерін үйрендік, – дейді А.Қаланбекова.

 

Өнерлі, жігерлі

          Сондай-ақ, аспаздар мен тігінші мамандығына түсетіндерді оқытатын технологтарды даярлайды. Екі зертхананың іші заманауи қажетті жабдықпен қамтылған. Тігін мамандығында оқитын студенттер колледжге қажетті жабдықтарды тігіп береді. Өздеріне үлкен тәжірибе.

          – Екі мамандықта оқытылады. Кәсіптік оқыту мамандығының студенттері оқу орындарында қызмет істей алады, ал тігін өндірісінің технигі, технологы атанғандар өндірске барады. Алғашқы курстан бастап арнайы пәндерді оқиды. Колледж ішінде өтетін концерттерге сахналық киімдерді әзірлеп береді. Оның сыртында жатақхананың төсек орындарын тігеді, – дейді оқытушы Юльия Шкондина.

Спорт саласынан да жетістіктері жетерлік. Дене тәрбиесі және спорт мамандығының арнайы пәндер оқытушысы Руслан Шәкенов колледж ішінен қосымша асық және садақ ату үйірмесін жүргізеді. Айта кету керек, рудныйлық ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсететін кәсіпқой боксшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада, Азия және Әлем чемпионаттарының жүлдегері Иван Дычко осы колледждің түлегі.

          – Түлектеріміз қалалық, республикалық тіпті халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Студенттердің де жетістігі аз емес. Биыл еліміз бойынша колледждер арасында баскетболдан жарыс өтті, сайыста бірінші орын иелендік. Сондай-ақ, УЕФА деңгейінде Футзалдан Чемпиондар лигасында ойнап жүрген “Аят” шағын футбол клубының негізгі ойыншыларының қатарында колледж түлектері мен бүгінгі студенттері бар, – дейді Руслан Шәкенов.  

Колледж жыл сайын 900 студент қабылдайды. Оқу орын ашылғаннан бері 12 000 мыңнан астам білікті маман әзірлеген. Көптеген жан үшін қасиетті, қастерлі орда. Аңызға айналған тұлғасы, өзіндік дәстүрі бар. Ұлы ұстаздың ізбасарлары барда ондаған жылдар бойына қалыптасқан мектебі, сара жолы ғасырдан-ғасырға жалғасары анық.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу