Қазіргі таңда үйдің интерьерін жасауда үй иелерінің басым көпшілігі аспалы төбелерді таңдау жөн көреді. Оның басты себебі төбенің негізгі құрылыс материалы өте арзан, әдемі, күтімге оңай, бірақ біз оның зиянды жағын біле бермейміз. Ғылыми жобамда аспалы төбелердің адам денсаулығына әсеріне байланысты ғылыми зерттеу жұмысын қолға алған болатынмын. Үй тұрғындардың аспалы төбелерді орнатып, үй интерьерін сәнге айналдырғанымен алынған өнімнің сапасына мүлдем көңіл бөлмейтінін байқадым. Олардың жағымсыз қасиеттері туралы ешкім ойламайды да. Европаның өзі шығаратын аспалы төбелері сапалы, әрі бағасы қымбат болады. Біздегі осы аспалы төбелер Европа технологиясы негізінде Қытайдан өндіріліп шығарылып, оны жеткізуші көрші Ресей елі болып табылады. Бағасы екі еседей арзаң, алайда сапасына күмән келтіруге болады.
Аспалы төбелерді өндіруде материалдардың екі түрі қолданылады – арнайы полиэфир матасы және поливинилхлорид. Қостанай аумағындағы тауар айналымда тек осы поливинилхлоридті аспалы төбелер ғана қолданыста жүреді екен. Бұның басты себебі, бағасының айырмашылығында екен.
Поливинилхлоридті аспалы төбелер бізге қолжетімді болғандықтан мен аспалы төбе материалдарымен қамтамасыз ететін мекеме сатушысынан өнім сертификатын алып, оның мазмұнына мән бердім. Өрт қаупінің әртүрлі кластары бар (КМ1-ден КМ5-ке дейін). Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, өрт қауіпсіздігі тұрғысынан төбе соғұрлым қауіпті. Өнімнің сертификаты негізінде біз алып отырған аспалы төбе материалының өрт қауіптілігі КМ5 класына жатқызылады, яғни өрт қауіптілігі деңгейі ең жоғары екенін көрсетеді. Оның ішінде: материалдың жанғыштық тобы – Г4 (жоғары жаңғыштық); тұтанғыштық тобы – В1 (қиын тұтанғыш); түтін шығару қабілеті – Д3 (жоғары); жану өнімдерінің уыттылығы тобы – Т3 (жоғары қауіпті). Осы мәліметтерді қарап отырып, бізге жеткізіліп отырған өнімнің өрт қауіптілігінің жоғары болуына қарамастан біз үй интерьерімізге орната береді екенбіз. Өрт кезінде аспалы төбелер неге қауіпті? Ең арзан төбелер (көбінесе танымал брендтер үшін жалған) тез тұтанады, өте жақсы жанады және қатты жанады (олардың түтіні өте улы, оның иісінен есіңізден танып қалуыңыз мүмкін). Жану кезінде мұндай төбелер балқиды және төмен тамшылап жиһаз және тұрғын үйлерде жаңа өрт ошақтарын тудырады. Бөлінген түтін улы ұшқыш заттар болып саналады, одан ауыр улануды тудырып адамдар зардап шегуі мүмкін.
Амангелді ауданында 2020 жылы өрттің салдарынан үйінен айырылған отбасын жақсы білемін. Олардың үйлері зерттеу барысында аспалы төбемен жабдықталғанын білдік. Егер аспалы төбе болмаса, түтін иісінен балалар уланып өмірден кетпес еді. Сондықтан да, айтарым апатты жағдайдан аман болу үшін оның алдын алуды ойлау керек. Нақты сипаттамаларды білу үшін өнімнің өртке қауіптілігі бар екеніне көз жеткізу үшін сертификатына мұқият қарау керек. Неге біз ардайым сапасыз өнімдерді тұтына береміз?! Қазіргі өркениетті елдер бұндай сапасыз дүниелерді мүлдем қолданыстан шығарған. Сондықтан да өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлау үшін, пайдалы құрылыс материалдарын қолданғанымыз жөн.
Жантөре САПАБЕКОВ,
Аманкелді жалпы білім беретін мектебінің
9-сынып оқушысы Ғылыми жетекшісі
Индира Исалина.