“Жаңа жылдың басты көркі – шырша ағашы” дейтіндер жылдан-жылға азайып келе жатқан сияқты. Десе де жылда шырша безендіреміз. Ол үшін ағаш сатып аламыз немесе орманнан шауып әкелеміз. Не керек, қалай алсақ та, әр отбасы үй ішін шырша ағашын жалт-жұлт еткізіп безендіріп қоюға тырысады. Ал шыршаның өсуіне жылдар керек. Сондықтан қылқан жапрақты өсімдікті үйге әкелмес бұрын ойланыңыз, өз-өзіңізге “осы бізге аса керек пе?” деген сауал қойып көріңіз…
Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының орманды алқаптары қылқан жапырақты ағаш тұқымдылары – қарағай, самырсын, шырша ағаштары кең тараған қасиетті мекен. Жалпы, өз ойым, орманның көз сүйсінтер сұлулығы осы қылқан жапырақты ағаштар деп білемін, себебі орман дегенде көз алдымызға жақындаған адамды еліктіріп, жан сарайыңды ашатын жұпар, хош иісті жасыл шырша ағаштары, биік-биік еңселі қарағай ағаштары елестейді.
Ғалымдардың мәліметтеріне сүйенсек, шырша жылына орта есеппен 1 тоннадан астам шаңды жұтып, айналасына 1 жарым мың литр оттегіні бөледі екен. Бұл ағаш 50-65 тоннаға дейін ауаны шаң-тозаңды зиянды газдардан арылтып, сүзіп отыратын көрінеді. Қазақ халқы адамның денсаулығына ең пайдалы өсімдіктердің бірі шырша ағашы екенін ежелден біліп, оны «Денсаулық ағашы» деп дәріптеген. Шырша жылына 15-20 см ғана өседі. Ал өмір сүру ұзақтығы 500-600 жыл және биіктігі 50-60метрге дейін жетеді.
–Шырша ағашының осындай ерекшеліктерін ескермейтін кейбір адамдар көбіне енді-енді тамыр жайып келе жатқан жас шыршаларды кеседі. Ағашты бар болғаны жаңа жылдық бір күнгі мерекенің сәнін кіргізу үшін ғана пайдаланып, содан кейін лақтырады. Дәстүр бойынша, жаңа жыл қарсаңында Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы өз аумақтарын қорғауды, соның ішінде орманды алқаптарымыздың көркі қылқан жапырақты ағаштарымызды қорғауды күшейте бастады. Дүкендерде жасанды жасыл сұлулардың кең таңдауы, ал базарларда – тірі ассортименті болса да ағаштарды заңсыз кесуді қалайтындар бар! Дегенмен, осы қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының орманның төрінде жайқалып өсіп, көбеюі біздер үшін, келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Сондықтан қылқан жапырақты ағаштарымыздың өсіп-өнуін қадағалау біздің қолымызда, – дейді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы экология ағарту бөлімінің басшысы Жасұлан Қазымжан.
Осы орайда шыршаны аяусыз шабатынжардың назарына ескерте кетер бір жайт, Қазақстан Республикасының заңдарында орман қорын күзету, қорғау, ормандарды молықтыру мен өсіру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгіленген. Атап айтсақ, Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта сілтегендерге ел Үкіметінің қаулысына сәйкес шара қолданылады. Шырша-қарағайдың обалына қалған адамға айыппұл салынады. Орманға орасан залал келтірген жағдайда құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Бүгінгі таңда, Науырзым қорығында қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларын қорғауға байланысты инспекторларға жеке тапсырмалар беріліп, жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Айтулы мереке қарсаңында, келеңсіз оқиғалар орын алмауы үшін, қылқан жапырақты жас талдарды қорғау мақсатында кезекшілік жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеру мақсатында, «Жаңа жыл алдындағы қылқан жапырақты ағаштарды қорғау» үнпарақтары таратылып, мектептерде, балалар шығармашылығы үйінде жылдағы дәстүр бойынша танымдық кездесулер, тәрбие сағаттары өткізілуде. Осындай дәрістік сабақтардың, іс-шаралардың көптеп жүргізілуі, оқушылардың орманға, табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, оны сақтауға деген көзқарасын арттырады», – дейді қорық қызметкері Жасұлан Қазымжан.
Ал енді ойланыңыз. «Денсаулық ағашының» маңызын біле тұра, оны шабар ма едіңіз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА