Облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жылды қорытындылады. Елдің берекесін кіргізіп, ырыздығы мен несібесін молайтуға себесін болған шаруалар жыл он екі ай бойғы адал еңбек пен төгілген тердің жемісін татар алқалы жиында бас қосты. Жүздерін күн қақтаған механизаторлар мен малшылар, диқандар мен шаруа қожалықтарының жетекшілерінің еселі еңбегі қай марапатыңызға да лайық. Әсіресе, биылғы жиын-терім оңайға соқпады. Бірақ ешбірі мүжілген жоқ. Қиындыққа қарсы тұрып, қамбаны дәнге, төскейді малға толтырды.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өнімі 611,0 млрд теңгеге жетті. Биыл ауыл шаруашылығы үшін ең қолайсыз жыл болды. Дегенмен, ауа-райының күрт өзгеруі егін жинау жұмыстарына көп кедергі келтірді. Жауын-шашынның орташа жылдық нормасы 2 еседен асып кетті. Яғни, 180,0 мм көлемінде жауын жауды. Осыған қарамастан, мемлекеттік қолдау шаралары арқасында, келесі жылғы егіс жұмыстарына қажетті қор жиналды. Биыл Қостанай өңірінде барлығы 4 млн.тоннадан астам астық жиналды. Облыс бойынша орташа шығым гектарына 10 центнерден келеді. Жиын-терім науқанының барысында Қостанай (14,6 ц/га), Сарыкөл (13,8 ц/га), Алтынсарин (12,4 ц/га), Қарабалық (11,9 ц/га), Ұзынкөл (11,4 ц/га), Қарасу (11,2 ц/га) аудандарының шаруашылықтары жақсы өнім жинап алды. Ал, Арқалық (3 ц/га), Жанкелдин (4,6 ц/га), Аманкелді (5,3 ц/га) аудандарында астық шығымы жылдағыдан төмен. Бұл өңірлерде мамырдан шілдеге дейін жауын-шашын аз болды. Соның кесірі дақылдардың жай-күйіне теріс әсер етті, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына “Азық-түлік корпорациясы” Ұлттық компаниясы” АҚ арқылы қомақты бюджет қаражаты бөлінді. Салаға 11,0% өсіммен 84,0 млрд теңге инвестиция тартылды. 2024 жылғы өнімге қажетті тұқым 100% толтырылды. Мал азығы да толық дайындалды. Осылайша, қазіргі таңда халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар Мемлекет басшысы атап өткендей, басты міндет – алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірілген өнімнің көлемін 70%-ке жеткізу. Өткен кезеңде 351,0 млрд теңгеге жуық азық-түлік өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ке артық, яғни, тамақ өндірісі бойынша республикада 1-орынға шықтық.
Құрметті жерлестер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жылдың ерекшелігіне қарамастан, салада өзінің алдағы тұрған ең басты міндетін абыроймен атқарғаны үшін, еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін мыңдаған азаматқа алғысымды білдіргім келеді. Басты міндет, ол – елдің, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. Тобыл-Торғай өңірі қашаннан алтын астықтың қамбасы, төрт түлік малдың өрісі болып саналады. Сіздер табанды еңбектің, зор жауапкершіліктің арқасында елдің игілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Биылғы жылғы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар қауымы бір дәнді ысырап қылмай, аянбай еңбек етті. Оның үстіне қандай қиын кезеңдер болса да, мемлекет тарапынан шаруаларға деген қамқорлық үзілген жоқ. Оған биыл тағы да көз жеткіздік,-деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов салтанатты жиында.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ұзақ жылдан бері сүбелі үлес қосып келе жатқан бір топ шаруаға ҚР Президентінің Алғыс хатын, «Еңбек ардагері» медалін, “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісін, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын, облыс әкімінің Құрмет Грамотасын тапсырды.
Саланатты жиын үстінде “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталғандардың бірі – Аманкелді ауданындағы “Жұман” шаруа қожалығының жетекшісі Сәрсенбек Мырзакеев. Ол 2001 жылдан бері Айтбай елді мекенінде мал шаруашылығымен айналысады. Меншігінде 600 қара мал, 400-дей жылқы бар.
Біз қара малдың Әулиекөл тұқымын өсірумен айналысамыз. Он сегіз айға толған бұқаларды шаруашылықтар келіп, сатып алады. Оның сыртында, жыл сайын 150 жылқы, сиырды етке тапсырамыз. Жалпы, Торғай өңірі мал өсіруге аса қолайлы. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, шаруашылықты кеңейте түсуді жоспарлап отырмын, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі.
Салтанатты жиын соңында облыстың өнер шеберлері мереке иелеріне арнап концерт қойып берді.
Толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген – Баердіболат КӨРКЕМБАЕВ