Қарабалық ауданы Боскөл аулының 63 жастағы тұрғыны қарасорадан тағам дайындаған.
Полицейлер “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу шарасы барысында, оның үйін тінту кезінде арақ қорабынан салмағы 500 грамнан асатын өсімдік тектес затты тәркіледі.
Ер адам бұл шөптен денсаулыққа “пайдалы” ботқа пісіретінін айтып ақталғысы келген. Полицейлер күдік тудыратын затты сараптамаға жіберді.
“Облыстық ПД осы дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабы (“Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу”) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлады. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, — делінеді баспасөз қызметі мәліметінде.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 480 келіден астам әртүрлі есірткі заттарын тәркіледі.