“Study Inn” халықаралық біліктілікті арттыру және сертификаттау орталығы жыл сайын қазақ, орыс және ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған “STUDY INNOVATIONS”, 10 және 11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған “Business Start” Республикалық конкурстарын өткізіп келеді.
Бұл байқау қазіргі талапқа сай оқытудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Инновациялық қызметті ынталандырырып қана қоймай, педагогтерді білім беру процесінде заманауи технологияларды белсенді пайдалануға шақырады. Білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тәжірибесін ұсыну мен танымал етуге бағытталған.
“STUDY INNOVATIONS” байқауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 3000-нан астам мұғалім қатысты. Биыл еліміз бойынша 9 мұғалім жүлдегер атанса, оның төртеуі біздің өңірден.
Атап айтар болсақ, Қостанай қаласы Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Әлібек Құрманғалиев 1-орын алды. №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі Эльмира Рахимова 2-орын иегері атанды. Сарыкөл ауданы Урицкая мектеп-лицейінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Лариса Антощук 2-орын алды.
Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Ботагоз Байтасова 3 – орын алды.
“Study Inn” халықаралық біліктілікті арттыру және сертификаттау орталығы барлық жүлдегерлерге 50 000-нан 200 000 теңгеге дейінгі дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Ал 10,11 сынып оқушыларына және Қазақстанның барлық колледждерінің студенттеріне арналған “Business Start 2023” байқауының кәсіпкерлікте ғылым мен техниканың жетістіктерін толық пайдалана отырып, жаңа тауарларды ойлап табуға пайдасы мол. Оларды дамыту кезінде белгілі бір дағдыларды жетілдіру арқылы заманауи кәсіпкердің құзыреттерін қалыптастыра алады.
Қостанай педагогикалық колледжінің студенттері Әмина Байболова мен Сұлтан Құсайынов осы байқаудың биылғы жеңімпаздары. «Study Inn» орталығы оларға сыйлық ретінде 1 млн теңге қаражат берді. Ол қаражатқа еліміздің кез келген ЖОО-да бір жыл оқу ақысын төлей алады. Сұлтан мен Әмина байқауда білім саласына бағытталған “Асар” платформасын құрастырып, теориялық- тәжірибелік тұрғыда қорғап шықты.
“Жобамыз жеңіс әкелгеніне қуаныштымыз. Грантымыз бір миллион теңге. Оны оқуға жұмсауға болады. Ойымыз жақсы бір курс сатып алып, әрі қарай өзімізді дамыту”, – дейді Сұлтан.
Қостанай педагогикалық колледжінің Сұлтан төртінші, Әмина үшінші курсында оқып жатыр. Болашақ ағылшын тілі мұғалімдері.
“Қазіргі платформа мектеп оқушыларына арналған. Офлайн түрде орталықтарымызды ашып жатырмыз. Сайытымызды дамыту басты жоспарымыз. Қазір сайтты дамытып, онлайн оқытуды көтеру аса маңызды. Біз ағылшын тілін үйретсек, тобымызда басқа пәндерді де оқытатын мұғалімдер бар. ҰБТ дайындығын ұйымдастыратын курс әзірлейміз.”, – дейді жеңімпаздар.
Жуырда олар өңіріміздің ең үздік педагогі Әміржан Жұмабековпен курс түсіргенін айтып қалды. Байқау жеңімпаздары оқушыларға арналған платформаны жасап шығуға бір жыл уақыттарын жұмсаған.
Әсел ҚИБАШ