Родина ауылына қарасты «Олимпиский» кентіне құны 1 млн 900 мың теңге тұратын балалар ойын алаңы орнатылмақ. Қазіргі уақытта қажетті материалдары жеткізіліп, төсемтас төсеуге әзірлік жұмыстары басталған. Алайда, «АМАNАТ» партиясының Арқалық қалалық филиалында әкімнің қабылдауына келген кент тұрғыны балалар ойын алаңы салынады деп белгіленген жердің қолайсыз екенін, қыста ол жерді қалың қар басып, көктемде көпке дейін ерімей жататынын айтты. Бұл мәселе жөнінде әлі де кент тұрғындарымен кездесу өткізіліп, ортақ мәмілемен шешілетін болды.
Қала әкімінің қабылдауында болған бірқатар тұрғындардың ортақ мәселесі – баспана жайы болды. Жауапты мекеме басшыларына көпқабатты үй мәселелері, қоғамдық көлік қызметі жайлы сұрақтар қойылды.
“Әр санаттағы азаматтарға пәтер тек қала әкімдігінде құрылған тұрғын үй кезегі бойынша беріледі. Су құбырын жаңарту кезінде туындаған мәселелер де шешімін табады. Келісім-шарт бойынша мердігер тараптың жұмысты аяқтағасын абаттандыру шаруаларын жүргізу міндеттемесі бар. Қиындықтар артта қалып, қазір қалада қоғамдық көлік қатынасы қайта түзеліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табуы қажет”, – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ