Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында «IQOSTANAY» оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Мұнда 600-ден астам бала түрлі үйірмеге қатысып, жан-жақты дамуына мүмкіндік алмақ.
Жобаның құны – 11 миллиард 300 миллион теңге. Бүгінгі таңда кешеннің аумағы абаттандырылуда. «IQOSTANAY» оқушылар сарайының жалпы ауданы – 12 мың шаршы метр. Заманауи үш қабатты ғимаратта екі ауысымда 1300 бала тегін оқиды. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылған. Білім беру мекемесінің штатында 84 қызметкер жұмыс істейді.
«Смарт-орталықта жалпы саны 24 үйірме, оның ішінде 48 топ бар. Олар ғылыми-техникалық, экология-биологиялық, эстетикалық бағыттар бойынша жұмыс істейді. Әр бағыттың өз үйірмелері бар. Мәселен, ғылыми-техникалық бағытта робот құрастыру, бағдарламалау, әуе модельдеу, инженерия, 3D компьютерлік модельдеу үйірмелері бар. Сонымен қатар, оқушылар бұл бағыт бойынша киберспорт, бағдарламаланатын SDR радио, виртуалды шындық, режиссерлік шеберлікті үйреніп, химия және физика пәндері бойынша техникалық үйірмелерге қатыса алады», – деп хабарлады облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ кешендегі экология-биологиялық бағыт гидропоника мен аквапоника, агроөнер үйірмелерін қамтиды. Орталықтағы үшінші бағыт – эстетикалық. Балалар қыш бұйымдарын жасау шеберлігін, бейнелеу өнерін үйреніп, вокал және музыкалық дыбыс жазуға бара алады. Актерлік қабілеттерін шыңдап, ландшафтық дизайнды, қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге болады.
Диана БАТЫРБЕК
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ