Дүкеншіні балағаттаған ауыл әкімі қызметінен қуылуы мүмкін

Дүкеншіні балағаттаған ауыл әкімі қызметінен қуылуы мүмкін

Бейімбет Майлин ауданы Новоильин ауылдық округінің әкімі Мақаш Таймасов дүкен сатушысын балағаттаған. Қоғамдық тәртіпті бұзған шенеуніктің әрекеті Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды.

18 қазан күні түн ішінде дүкеннен спирттік ішімдік сатып алуға барған әкімнің әдепсіз қылығы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Ол алкоголь өнімдерін сататын уақыт аяқталғанын айтқан сатушы әйелге дөрекілік көрсетіп, былапыт сөз сөйлеген.

«Қазір сені 6 секундта құртамын. Бәрін құртамын! Менің мүмкіндіктерімді білмейсіңдер! Менің кім екенімді білесің бе?» деген мағынада шу көтеріпті (боғауыз сөздер алынып тасталды). Кейін Мақаш Таймасов «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК көлемінде (69 мың теңге) айыппұл салынған.

Ауылдық округ әкімінің ісі облыстық Мемлекеттік істер жөніндегі департаменттің әдеп жөніндегі кеңесінде талқыға алынды. Отырысқа айыпкердің өзі де шақыртылған.

 «Сатушы менің өтінішіме дөрекі жауап қайтарды, сол сәтте эмоцияма ие бола алмай қалып, балағат сөз айтып қойдым. Өйткені дүкенге кірер алдында, бірер минут бұрын әйеліммен ренжісіп қалып едім. Соның салдарынан сатушының сөзін көтере алмаған болуым керек. Осы әрекетіме шын жүректен өкінетінімді жеткізгім келеді. Бұрын-соңды мұндай жағымсыз қылық жасап көрген емеспін. Сондықтан, құрметті әріптестер, оңды шешім шығарарсыздар деген үміттемін», – деді Мақаш Таймасов.

Бұдан ары кеңес мүшелері ауыл әкімін сұрақтың астына алды. Олар осы оқиғаның бейнежазбасын бастан-аяқ көргенін, қандай ұятты, ауыр сөздер айтылғанын бетіне басты. Өзін ақтап алу үшін ойдан оқиға құрастырып тұрғанын да әшкере етті.

«Видеоны көріп отырып, сатушының ашу тудырарлық сөз айтқанын естімедік. Бұл – бір. Екіншіден, дүкенге кіргенде қасыңызда екі ер адам болды. «Әйеліммен ұрсысып қалдым дейсіз. Сонда жұбайыңызбен бөтен еркектердің көзінше ренжістіңіз бе? Айтып отырғаныңыз қисынға келіңкіремейді», – деді кеңес мүшелерінің бірі.

Ол бұл сұрақтарға мардымды жауап қайтармай, эмоцияға ерік бергенін қайталай берді. «Жоқ» деген сөзі маған зілді естілді» дегенді айтты кейін. Ауыл әкімі бола тұра, ішімдік сатуға қойылған уақыт шектеуін бұзуға тырысқаны, әйел кісіге доқ көрсеткені, жалған сөйлеуі және сөздерінде аса бір өкініш сезімінің байқалмауы кеңес мүшелерінің қатаң шара қолдануға ұсыныс жасауына себепші болды. Бәрі бір ауыздан оны қызметтен шығару әділетті шешім болатынын айтты.

Отырысты жүргізген департамент басшысының орынбасары Ерлан Салықбаев осы ұсыныстар негізге алынып, қысқа мерзімде қызметтік зерттеу жұмыстары жүргізіліп, айыпкердің тағдыры шешілетінін жеткізді. Бұдан соң мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, әдеп кодексін бұзу әрекеттерінің алдын алу жұмыстарының қорытындысы тыңдалды.

Жаңалықтармен бөлісу