Елімізде алғаш рет аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау басталды. Таң ата сайлау учаскесі ашыла салысымен дауыс беруге келген Денисов тұрғындарының қарасы көп болды.
Дауыс берушілердің көңіл-күйі көтеріңкі. Сайлау учаскесі қызметкерлері барлық талаптарды сақтай отырып, азаматтарға қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Тұрғындар үшін 28 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Дауыс берушілердің белсенділігі жоғары.
Учаскеге ерте отбасымен келіп, өз таңдауын жасаған Свердлов ауылының тұрғындары Александр мен Раиса Фелкерлер отбасы. Олар әр сайлау сайын бірге келіп таңдау жасауды дәстүрге айналдырған.
«Сайлауға қатысу әр тұрғынның елі үшін жауапкершілікті сезінуін көрсетеді. Елімнің әр шаңырағына береке мен бірлік тілеймін. Бірлігі жарасқан ел әрқашан мықты, болашағы жарқын болады. Ауылымыз көркейіп келеді. Жолдасым екеуміз емін-еркін келіп дауысымызды бердік», — дейді Александр Фелкер.
Саяси науқанда белсенділік танытқан жас отбасы ел болашағы үшін таңдау жасады. Свердлов ауылының тұрғындары Николай-Юлия Бородиндер отбасы дауыс беру әр азаматтың борышы екенін айтады.
«Маңызды күн болған соң осында бет алдық. Әр азамат осылай ел болашағына жауапкершілікпен қараса, бұл да мемлекет дамуына қосқан елеулі үлес. Барлық қазақстандықтарды осындай маңызды күні белсенді болуға шақырамын. Әр адамның дауысы маңызды», – дейді жас отбасы.
Бақылаушылардың айтуынша, әзірге ешқандай заң бұзушылық орын алмады.
«Аудан бойынша сайлаушылардың жалпы саны 11 600-ден асады. Бірінші болып дауыс беруге және 18 жасқа толған сайлаушыларға сыйлықтар табысталуда», – дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Айжан Каибжанова.
Әсел ҚИБАШ
Денисов ауданы