Тоқсан екі жастағы оқырман қолшатырға ие болды

Тоқсан екі жастағы оқырман қолшатырға ие болды

Редакцияға газетіміздің жарты ғасырдан бергі оқырманы Рәмзия Ерғалиева келді. Жасы тоқсан екіге қараған кейуана басылым бетіндегі жаңалықтардан қол үзген емес.

“Әкем соғыс кезінде әскерге алынып, содан оралмады. Содан анамыз бізді Татарстаннан Қазақстанға алып өткен екен. Қостанайдың сол кездегі Комсомол, қазіргі Қарабалық ауданына тұрақтадық. Тұрмысқа кеттім, алпысыншы жылдары Торғай жаққа қоныс аудардық. Жолдасым, Байсұлтан ертеде Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылында инженер-электрик, Шиліде қойма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Өзім кеңшарда қарапайым жұмысшы болдым. зейнетке шыққалы осы газетті жаздырып аламын”, – дейді Рәмзия Ерғалиева.

Айтпақшы, Рәмзия әжей тоғыз бірдей баланы бағып-қағып, батыр ана атанғаны үшін қырық бесінде зейнетке шығыпты. Үлкен баласы бүгінде жетпіске таяды, Талдықорғанда тұрады.

“Қостанай таңы” газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы онлайн ұтыс ойынының сыйлық иегеріне демеуші “Еуразия банкі” ұсынған қолшатырды табыс етті. Рәмзия Ерғалиева газет ұжымының бұл бастамасына ризашылық білдіріп, ақ батасын берді.

Жаңалықтармен бөлісу